857

Махаббат не істетпейді: Сүйіктісіне ұрланған гүл сыйлаған

Астанада сүйіктісіне ұрланған гүл сыйлаған жігіт жауапқа тартылды. Бұған дейін гүл сататын дүкен иесі тәртіп сақшыларына жүгініп, құнды гүл шоғының ұрланғаны туралы шағымданған-ды.

Махаббат не істетпейді: Сүйіктісіне ұрланған гүл сыйлаған
көрнекі фотосурет / lesrosesdechantal.ru

Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу гүл жеткізушінің Hyundai Elantra көлігінің ішіне еркін кіріп, бағалы екі гүл шоғын алып кеткен. Ұрлық кезінде көлік есігі ашық күйінде қалған. Шығын көлемі 100 мың теңгені құрады. Полиция жедел іздестіру шараларының арқасында күдіктіні анықтады. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Ер адам бұл әрекетін толық мойындап, гүлдерді сүйіктісімен татуласу үшін ұрлағанын айтты. Оның айтуынша, олар ұрысып қалған, ал кешірім сұрау үшін гүл сыйламақ болған, бірақ ақша тапшылығы осындай әрекетке итермелеген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Материал авторы