SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Желтоқсан оқиғасын суреттейтін «Қара бауыр қасқалдақ» әні қалай жазылған? Бұл туралы «Арқас» ансаблінің әншісі, әннің орындаушысы Болат Құсайынов KAZ.NUR.KZ берген сұхбатында айтып берген.
«Желтоқсан оқиғасын радио, теледидар арқылы естіп қатты қиналдық. Жас балалардың хәлі қалай болар екен деген ойға келдік. Қазіргі уақытта сол кезде шыққан «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің тарихын бірі білсе, бірі білмес. Желтоқсан оқиғасына арнап Есенғали Раушанов «Қара бауыр қасқалдақ» атты өлең жазды, оған Лесбек Аманов ән жазды.
1988 жылы Шардара ауданында гастролдік сапарда жүргенде бізге Лесбек Амановтың өзі келді. «Қара бауыр қасқалдақ» әнін біздің орындағанымызды қалады. «Жігіттер, осы әнді репертуарға алыңдар, үлкен сахнаға шығарыңдар» деді. Сөйтіп репертуарға әнді қосып, концерттерде орындап жүрдік. Бірақ 1989 жылға дейін бұл әнді Шардара ауданындағы әртістер де орындап жүрген екен.
Ал үлкен сахнаға біз, яғни «Арқас» ансамблі «Тамаша» ойын-сауық отауының көңілді кешінде бірінші болып үлкен сахнада орындадық. Содан бері халық, өнерсүйер қауым «Қара бауыр қасқалдақ» әнін менің орындауымда біледі. 90-жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауының гастролдік сапарымен мен жиі шығатынмын. Сол «Тамашадағы» ағаларым өзара мені әзілдеп «Қасқалдақ» деп атап кетті. Мейірман, Уайыс, Тоқсын, Құдайберген ағаларымыз: «Әй, қасқалдақ» дейтін. Үлкен сахнадағы ең алғашқы орындаушысы мен едім», - дейді Болат Құсайынов.
«Тамаша» ойын-сауық отауының сахнасында шырқалған «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің танымалдығы артып, кез келген жерде тыңдарман «Арқас» ансамбліне қолқа салып, әлгі хитті шырқап беруін өтіне бастаған.
«Қара бауыр қасқалдақ» әнінің хит болуының құпиясы – ән мен сөзі халықтың жүрегінен орын алуында. 1989 жылдан бастап бұл әнді ел тік тұрып шапалақтап қарсы алатын. Содан бері «Қара бауыр қасқалдақ» әні қазақ жастарының гимніне айналды, хит бола бастады. Одақ кезі болсын, Қазақстанның қай облысына, қай ауданына барсақ, бәрі осы әнді сұрайтын. Бұл әннің ең алғашқы орындаушысы «Арқас» ансамблі, солисі – Болат Құсайынов. Негізі «Қара бауыр қасқалдақ» әнін менен бөлек басқа әншілер де орындап жүрді. Қазір аты-жөнін білмеймін, ұмытып қалыппын», - деп еске алады әнші.