2006

Ақтаудағы ұшақ апатының салдарын дронмен түсірген блогер 10 тәулікке қамауға алынды

38 адам мерт болған апатты түсіремін деп істі болды.

Ақтаудағы ұшақ апатының салдарын дронмен түсірген блогер 10 тәулікке қамауға алынды
жеке мұрағатынан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Азамат Сәрсенбаев Ақтаудағы ұшақ апатынан кейінгі жағдайды дронмен видеоға түсіргені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Мұны оның адвокаты Айбек Сүйіндіков мәлімдеді.

Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының үкімімен Сәрсенбаев құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Сол үшін ол 10 тәулікке қамауға алынды.

Оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабы "Билік өкілінің заңды талабына бағынбау" бойынша айып тағылды. Сот істің мән-жайын ескеріп, ең төменгі жазаны берді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Азамат Сәрсенбаевтың адвокаты оның әрекеті арам пиғылды емес, қоғамды ақпараттандыруға бағытталғанын баса айтып, шешімге шағымданбақ.

Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам опат болды. Ұшақтағы қазақстандық азаматтардың барлығы көз жұмды.

Материал авторы