SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 7 ақпанда Ақтауда 2024 жылдың 25 желтоқсанында болған Әзірбайжан әуе жолдарының (AZAL) ұшағы апатынан қаза тапқандарды еске алу шарасы өтті. Жиын кезінде әзірбайжан азаматы Алматыда ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына пәтер берді. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ басылымы жазды.
АЗЕРТАДЖ хабарлағандай, жиынды Әзірбайжанның Қазақстандағы елшілігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Әзірбайжанның Қазақстандағы Елшісі Агалар Атамоғланов, Қазақстанның Әзірбайжандағы дипломатиялық миссиясының басшысы Алим Байел, Әзірбайжанның Ақтаудағы Бас консулы Айхан Сүлейманлы, қаза тапқан қазақстандықтардың отбасы мүшелері, әзірбайжан диаспорасының өкілдері, Ақтаудағы операцияға қатысқан мекемелер мен аудан тұрғындары қатысты.
Шара барысында кәсіпкер Амиль Юсифов қайтыс болған қазақстандықтардың туыстарына Алматыдағы жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі бес пәтердің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне, ауруханаға және Ақтау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясына үш жаңа көлік сыйлады.
Шарада сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әуе апатының салдарын жою және оның себептерін анықтау, зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша Үкіметтік комиссия құрылғанын атап өтті. Қазақстанның құзырлы органдары, соның ішінде Маңғыстау облысының әкімдігі қайғылы күндерде барлық қажетті шараларды қолданғанын жеткізді.
Өз кезегінде Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісі А.Атамоғланов қайғылы оқиға баршаның жүрегінде терең із қалдырғанын атап өтті.
«Бірақ бұл жағдай бізді біріктірді деп айтқым келеді. Бүкіл әлемге бауырлас халық екенімізді тағы бір паш етті. Және бұл сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлел болды. Мұны біз Ақтауда өз көзімізбен көрдік», - деді дипломат.
Ол апаттан кейін дереу қажетті шараларды қабылдап, зардап шеккен жолаушыларды құтқаруға белсене атсалысқан құтқарушыларға, кәсіби медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ жан-жақты көмек көрсеткен барша Қазақстан азаматтарына шексіз алғысын білдірді.
«Әзірбайжаннан келген мамандар мен медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуі үшін жасалған жағдай үшін ризашылығымды білдіремін. Кәсіпкеріміз Амиль Юсифовке осы бастамасы үшін, халықтарымыз арасындағы бауырластық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамын. Бұл да бір-бірімізге иық тіресіп, қиын-қыстау кезеңде қатар тұрғанымыздың тағы бір көрсеткіші», - деді елші.
Елшілік атынан дипломат Амиль Юсифовке Әзірбайжан мен Қазақстан халықтары арасындағы достық пен бауырластық байланыстарды дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етті.
Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшісі Алим Байел бүгінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастар шынайы одақтастық сипатқа ие болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Каспий теңізінің шығыс және батыс жағалауында орналасқан Қазақстан мен Әзірбайжан түркі әлеміндегі маңызды ойыншылар, сондай-ақ еуразиялық көлік-логистикалық архитектурадағы негізгі буындар.
Дипломат Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің қайғылы оқиғадан кейін елдеріміз арасындағы достық пен бауырластық бұрынғыдан да нығая түскені туралы сөзін еске алды. Осы тұрғыда ол Қазақстан тарапының әзірбайжандық кәсіпкер Амиль Юсифовтың ұшақ апатында қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету туралы ұсынысын ризашылықпен қабылдағанын атап өтті.