551

Өскеменде бес баланың анасы үйде босанған сәбиін қоқысқа лақтырып тастаған

Өскеменде қоқыс жәшігінен өлі табылған нәрестенің анасына қатысты тың деректер айтылды.

Өскеменде бес баланың анасы үйде босанған сәбиін қоқысқа лақтырып тастаған
бейнежазбадан алынған кадр

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жаңа туған нәрестесін қоқыс контейнеріне тастап кеткен 44 жастағы әйел анықталды. Бұл туралы Stan.kz жазды.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бұл оқиғаны растады. Ресми деректерге сәйкес, нәресте өлі күйінде қоқыс контейнерінен табылған.

"Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында нәрестенің анасы анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде", – деп хабарлады ШҚО полиция департаменті.

Белгілі болғандай, 44 жастағы әйел жалдамалы пәтерде жалғыз тұрған.

"Әйел 2024 жылдың сәуір айында Өскемендегі медициналық мекемеде жоспарлы тексеруден өткен. Қайта тексерілу 2025 жылдың сәуір айына жоспарланған еді. Ол медициналық көмекке жүгінбеген және жүктілік бойынша есепте тұрмаған. Әйелдің 5 баласы бар. Психоневрологиялық диспансерде (ПНД) есепте тұрмайды. Әйелдің айтуынша, 22 ақпан күні кешкі сағат 20:00 шамасында ол үйде жалғыз босанған, нәресте өмір белгілерінсіз дүниеге келген. Содан кейін оны қоқыс жәшігіне апарып салған", – деп түсіндірді ШҚО денсаулық сақтау басқармасы.

Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта әйел амбулаторлық бақылауда, оның жағдайы қанағаттанарлық.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор