498

Теміртауда зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан жасөспірімдер қамауға алынды

Қарияны қорлағандар изоляторға қамалған.

Теміртауда зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан жасөспірімдер қамауға алынды
бейнежазбадан алынған кадр

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теміртауда зейнеткердің пәтеріне алдап кіріп, балағаттап, ұрып-соққан жасөспірімдер уақытша қамауға алынды. Бұл туралы Tengrinews.kz сауалына Қарағанды ​​облысының прокуратурасы берген жауабында мәлімдеген.

Ведомствоның мәліметінше, жасөспірімдерге қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы «Тонау» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Тоғыз күдіктінің барлығы, оның ішінде жетеуі кәмелетке толмағандар Қылмыстық-процестік кодекстің 131-бабына сәйкес қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", - деп хабарлады облыс прокуратурасы.

Ең қатаң бұлтартпау шарасын таңдауға негіз болған қылмыстың ауырлығы, деп қосты департамент.

«Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты және объективті тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады прокуратура.

Материал авторы