856

Атырау әкімдігі маса улауға 193,6 млн теңге бөлген

Үйлердің жертөлесін улау басталған.

Атырау әкімдігі маса улауға 193,6 млн теңге бөлген
novostipmr.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, биыл Атырау қаласының әкімдігі масаны улау жұмысына 193 млн 648 мың теңге бөлді. Қазір бұл жұмысты атқаруға екі компания кірісті. 

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Елтай Айбатовтың айтуынша, көпқабатты 1200-ден астам тұрғын үйдің жертөлесі мен кіреберісін масаға қарсы дезинфекциялау басталды.

— Масаға қарсы дезинфекция жұмыстары қаланың екі бөлігінде жүргізіледі. Мердігер «AG Disinfection services» ЖШС Жайық өзенінің оң жақ, ал «ARTS» ЖШС сол жағалауда дезинфекциялауды қолға алды. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан арыз-шағымды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі және 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады. Дезинфекциялау жұмысы қай үйлерде жүргізілетіні пәтер иелері кооперативтеріне алдын ала хабарланып, тұрғындарға ескертіледі, — дейді Елтай Айбатов.

Оның айтуына қарағанда, масаға қарсы улау шаһар маңындағы елді мекендерде, ашық су алаңдары мен саябақта, көшелерде жалғасады. Қазір Атырау қаласының оң жағалауында 8 адам мен 8 техника, ал сол жақ жағалауда 6 адам мен 6 техника тартылған.

Әкімдіктің мәліметінше, ашық электрондық конкурстың қорытындысымен 2 мердігер анықталған. Оның бірі — «AG Disinfection services» ЖШС-ға 99 млн 680 мың теңге, ал екіншісі — «ARTS» ЖШС-ға 93 млн 968 мың теңге бөлінген.

«ARTS» ЖШС-ның жоба менеджері Мақсат Жаңаевтің пікірінше, масаға қарсы дезинфекциялауға қолданылатын бірнеше препарат бар. Оның қоршаған ортаға да, адамдарға да зияны жоқ.

— Дезинфекциялау жұмыстарына агран, циперрметрин, анти-инсекта, фаскон препараттарын қолданамыз. Жұмыстар арнайы кестеге сай атқарылады, — дейді Мақсат Жаңаев.

Материал авторы