Бүгін біздің назарымыз түсіп отырған құрылғы HONOR Magic7 Pro. Бұл флагман смартфон компанияның жаңа мүмкіндіктері мен инновациялық шешімдерін ұсынатын құрылғы.
Модель Қытайда өткен жылдың қазан айында таныстырылды және ол алғаш рет Snapdragon 8 Elite чипсетімен жабдықталған смартфондардың қатарында болды. Жаңа смартфон 6,8 дюймдік OLED-дисплей, оның пиктік жарықтығы 5000 нитке дейін жетеді. Сонымен қатар, дисплейдің динамикалық жаңарту жиілігі 120 Гц-ке дейін көтерілген.
Смартфонның басты ерекшеліктерінің бірі – оның камералық жүйесі, өнімділігі және көптеген басқа айтарлықтай жаңартулар. Біз HONOR Magic7 Pro смартфонын сынап көріп, оның негізгі ерекшеліктері мен кемшіліктерін нақты атап өтпекпіз.
Камера жүйесі
AI HONOR Falcon камера жүйесі смартфонның басты артықшылығы болып табылады. Үш камераның ішінде 200 Мп телефото камерасы, 50 Мп негізгі камера және 50 Мп ультракеңбұрышты камера орналасқан. Әсіресе, телефото камерасы қызықты: ол 3x оптикалық зум мен 100x цифрлық зумға дейін жетеді. Бұл мүмкіндіктер, әсіресе, пейзаждарды, алыс қашықтықтағы объектілерді түсіру кезінде өте пайдалы.
Құрылғының AI Image Engine технологиясы суреттердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ қолмен түсіру кезіндегі бұлыңғырлықты жоюға көмектеседі. Мәселен, темендегі фотоға назар салсаңыз, зум қаншалықта алысты көре алатынын аңғарасыз. Нақтысын айтқанда, адам көзі жете алмайтын қашықтықты камера арқылы қарау мүмкіндігі бар. Алайда алыс кеткен сайын, фото сапасы әрине, төмендей береді. Десе де құрылғыдағы жасанды интеллект көмегімен біршама сапалы суреттерге қол жеткізуге болады.
Негізгі камера (50 Мп) өз кезегінде өте жоғары сапа ұсынады. Түсірілім кезінде табиғи жарықта детальдар айқын көрініп, бейнелерде шу мен бұлыңғырлық жоқ. Кешкі түсірілімдер де жақсы нәтиже көрсетіп, жарықтың жетіспеушілігіне қарамастан суреттегі барлық маңызды элементтер анық көрінеді.
Ультракеңбұрышты камера да жоғары деңгейде жұмыс істейді, ол кең бұрыштағы пейзаждарды өте жақсы түсіруге мүмкіндік береді. Бұл камерада макросъемка мүмкіндігі бар, ол ұсақ детальдарды анық көрсетеді.
Жылдамдық және өнімділік
HONOR Magic7 Pro смартфоны Snapdragon 8 Elite чипсетімен жұмыс істейді, бұл құрылғының өнімділігін жоғары деңгейде сақтайды. Смартфонды қолдану барысында ешқандай кідірістер мен баяулық байқалмады.
Тест барысында смартфон әртүрлі ойындар мен қосымшаларда қолданылды және бағдарламалар, ойындар жылдам әрі кідіріссіз жұмыс істеді. 120 Гц жиілігімен жұмыс істейтін экранның арқасында ойындарда экранның жұмысы бірқалыпты болды.
Алайда, ұзақ уақыт бойы ойын ойнағанда немесе ауыр қосымшаларды іске қосқанда смартфонның қызуы сезіледі. Бұл қазіргі смартфондардың көпшілігінде кездесетін құбылыс, бірақ кейбір қолданушылар үшін бұл аздап ыңғайсыздық туғызуы мүмкін.
Жылдам қуаттау және батарея
100 Вт жылдам зарядтау – бұл смартфонның бетке ұстар мүмкіндігі. Құрылғыны 15-20 минут ішінде 50%-ға дейін зарядтауға болады, бұл саяхатта жүргенде немесе тез арада қуат қажет болған жағдайда өте ыңғайлы. 5840 мА·с батареясы күні бойы қолдануға жеткілікті. Бірақ ұзақ уақыт бойы телефонды белсенді пайдаланатын адамдар үшін смартфонды кешке қайтадан зарядтауға тура келеді. Ал тыныш күйде құрылғының қуаты бірнеше тәулікке жетеді.
Дизайн және экран
HONOR Magic7 Pro смартфонының дизайны ерекше назар аударады. Төрт жағынан да дөңгелене түскен экран технологиясы экрандағы жарқылдар мен шағылыстарды азайтып, көріністі айқын етеді. Саусақтарға да өте жағымды сапада жасалған. Күлгін поляризация технологиясы көздің жайлылығына әсер ететін жарықтың әсерін азайтады. Дегенмен, кейде сыртқы жарық жағдайында экранның көрінуі біршама төмендеуі мүмкін. Дегенімен, құрылғы далада немесе ғимарат ішінде жүргенде сыртқы жарыққа жылдам икемделеді.
Смартфонның құрылымының беріктігі жоғары деңгейде, бірақ экранның жиегі кейде сызаттарға немесе дақтарға әкелуі мүмкін, әсіресе, телефонды жиі қолданатын адамдар үшін. Бұл жағдайда қорғаушы пленка немесе чехол қолданған дұрыс.
Дыбыс және қосымша мүмкіндіктер
Стерео динамиктер дыбыс сапасы жағынан да жақсы жұмыс істейді. 3D-дыбысталу функциясы кино көру немесе музыка тыңдау кезінде қосымша әсер қосып, дыбыстың сапасын айтарлықтай жақсартады. Бірақ максималды дыбыс деңгейінде жоғары жиіліктерде аздап бұрмалану байқалуы мүмкін.
Қауіпсіздік жәле құлып
Смартфонда адам келбетінің 3D-тануы және саусақ іздерінің ультрадыбысты сканері секілді қауіпсіздік функциялары бар. Құрылғы иесінің түрін 3D-тану функциясы тіпті толық қараңғыда да жұмыс істейді, ал ультрадыбысты сканер өте жылдам әрі ыңғайлы формада іске асырылған. Алайда қолдану барысында екі функцияны қатар қоссаңыз, бетті тану жылдамырақ жұмыс істейтінін аңғарасыз. Себебі телефонды қолыңызға алған сәтте ақ құрылғы құлпы өте жылдам ашылады.
HONOR Magic7 Pro – жоғары өнімділік пен керемет камерамен жабдықталған смартфон. Оның камералық мүмкіндіктері мен жылдамдығы кез келген тапсырманы орындауға мүмкіндік береді, ал жылдам қуаттау, стерео дыбыс және жақсартылған экран технологиялары оны жан-жақты қолданысқа жарамды құрылғы етеді.
Смартфонның кейбір ұсақ кемшіліктері бар, бірақ олар құрылғының жалпы сапасын төмендетпейді және заманауй смартфондардың барлығында кездесетін мәселелер. Егер сізге жоғары сапалы камера, жылдам өнімділік және жақсы дыбыс қажет болса, HONOR Magic7 Pro сіз үшін тамаша таңдау болады.