966

АҚШ-тың 12 штаты Трампты сотқа берді

Президент АҚШ экономикасын құлдыратып жатыр делінген шағымда.

АҚШ-тың 12 штаты Трампты сотқа берді
AP Photo / Evan Vucci

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Орегон штатының бас прокуроры президент Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығын жою туралы талап-арыз берді. Бұл бастаманы Колорадо, Невада, Нью-Йорк, Нью-Мексико сынды барлығы 12 штат қолдаған. Шағым халықаралық сауда мәселелері жөніндегі АҚШ федералдық сотына түскен.

Арызда тек Дональд Трамптың ғана емес, сондай-ақ ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм мен АҚШ Кеден және шекара қызметінің міндетін атқарушы басшысы Питер Флорестің де аты көрсетілген.

Талап-арызда Трамптың баж салығына қатысты қабылдаған шешімдері — енгізу, өзгерту, өсіру немесе уақытша тоқтату секілді әрекеттері елдің сауда саясатын президенттің еркіне тәуелді етіп қойды деген айып тағылған.

«Президент Конституциялық тәртіпті бұзып, АҚШ экономикасына бейберекет жағдай әкеліп, құлдыратып жатыр», — делінген шағымда. 

Сонымен қатар, Трамп Вашингтонның тарифтік саясатын өзгерту үшін төтенше жағдай режимін негізсіз енгізді деп есептейді арыз иелері.

Бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі Джанет Йеллен де баж салығының халық шығындарына кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, елде «белгісіздік туындағанын» мәлімдеген. 

«Енді ешкім бұл саясаттың немен аяқталатынын түсінбей отыр», — деген еді Йеллен.

Материал авторы