1217

АҚШ елшілігі виза алғысы келетін Қазақстан азаматтарына ескерту жасады

АҚШ елшілігі қазақстандықтарға визалық сұхбатқа қатысты маңызды хабарлама жариялады.

АҚШ елшілігі виза алғысы келетін Қазақстан азаматтарына ескерту жасады
Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі визалық сұхбатқа жазылу тәртібі туралы жаңа ақпарат таратты.

Енді 2 мамырдан бастап Астана және Алматы қалаларындағы консулдық бөлімдер виза сұхбатына жазылу мүмкіндігін сұхбат күнінен үш жұмыс күні бұрын сағат 17:00-де тоқтатады.

Мысалы, егер сұхбат 2 мамырға белгіленсе, онда DS-160 өтініш формасындағы барлық ақпарат 28 сәуір күнгі сағат 17:00-ге дейін толықтай толтырылып, жіберілуі тиіс.

DS-160 өтінішіндегі растама хатыңыздағы штрих-код (AA00 басталатын) және сұхбатқа жазылу кезінде енгізілетін штрих-кодтың бірдей болуы шарт.

— Сұхбатқа жазылу жүйесінде дұрыс штрих-код көрсетілгеніне көз жеткізіңіз. Ең жиі кездесетін қателіктердің бірі — нөл санының орнына «O» әрпін жазу. Дұрыс штрих-код әрқашан AA00 форматында басталады, және мұндағы 0 сан ретінде жазылады, — деп түсіндірді елшілік.

Сонымен қатар, DS-160 өтінішінде көрсетілген сұхбат өтетін қала мен сұхбатқа жазылған қала сәйкес келуі керек.

— Егер DS-160 формасында сұхбат орны ретінде Алматы көрсетілсе, ал сіз сұхбатқа Астанаға жазылған болсаңыз, онда жаңа DS-160 өтінішін толтырып, үш жұмыс күні қалғанға дейін жүйеде штрих-код нөмірін жаңартуыңыз қажет, — делінген хабарламада.

Егер сұхбатқа жазылып, бірақ оған келмесеңіз, жүйеде сіздің мәртебеңіз «келмеген» (no show) деп белгіленеді, әрі жаңа DS-160 өтінішін толтыру қажет болады.

Жаңадан толтырылған өтініштің штрих-кодын сұхбатқа кемінде үш жұмыс күні қалғанда жазылу жүйесінде жаңартуыңыз керек.

Өтініш формасы толығымен аяқталып, жіберілген болуы тиіс.

Көптеген үміткерлер DS-160 өтінішін сұхбатқа бір күн қалғанда ғана аяқтауға тырысады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін өтінішті сұхбатқа кем дегенде үш жұмыс күні қалғанға дейін толтыру керек.

Егер DS-160 өтінішіңіз талаптарға сай болмаса, сұхбатқа белгіленген уақытыңыз жойылып, сізді "келмеген" ретінде белгілейді және сұхбатқа қайта тіркелуіңіз қажет болады.

Материал авторы