SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, судья Ержан Жанұзақов пен прокурор Дана Сәрсенбай оқиға орнында болған куәгер Эльмира Нұрбекованың жауаптарында қайшылықтар бар екенін мәлімдеді.
Судья мен прокурордың айтуынша, Нұрбекованың тергеу барысында берген жауаптары мен соттағы көрсетпелері бір-біріне сәйкес келмейді.
"Алдын ала тергеу барысында және өткен сот отырысында сіз шок күйінде болғандықтан қателесуіңіз мүмкін екенін айттыңыз. Алайда бейнежазбада сізде шок күйі байқалмайды. Керісінше, сіз оқиғаға қатысқандардың киімін және оқиғаның өзін өте нақты сипаттадыңыз. 5 қазан күні берген жауабыңызда баланың бауырымен жатқанын, қанға боялғанын және Абзалдың оған пышақпен соққы жасағанын айттыңыз. Сондай-ақ бірнеше адамның балаға шабуыл жасағанын баяндадыңыз. Ал қазір сотта пышақты көрмегеніңізді айтып отырсыз", — деді прокурор.
Бұған дейін Нұрбекова айыпталушы Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын және оның жерде жатқан Шерзаттың арқасына соққы жасағанын көргенін айтқан еді. Алайда қазір жағдай күрт өзгеріп, әйел адам "кенеттен" пышақ болған-болмағанын есіне түсіре алмады.
Прокурор Дана Сәрсенбайдың өтініші бойынша Нұрбекова сот залында айыпталушының соққыны қалай жасағанын көрсетті — "жоғарыдан төмен" бағытта. Сонымен қатар куәгер Нұрбекова көлікке қарай жетелеп бара жатқанда алдарынан бір әйел жылап, видеоға түсіргенін айтты.
“Мені көлікке қарай жетелеп бара жатқанда алдымызда бір әйел жылап, видеоға түсіріп тұрды. Оған "Неге видеоға түсіріп тұрсың, жедел жәрдем шақырмайсың ба?" дедім. Сосын мені көлікке отырғызды. Сол кезде көлікте бәрі отырған еді. Алда кім отырғанын байқамадым. Менен кейін Равиль отырды, Нұрқиястың алдында Дана отырған еді. Содан кейін біз көлікпен бұрылып, жүріп кеттік. Жолда "777" дүкенінің қасында тоқтадық. Алдымен мен көліктен шықтым. Дүкенге кірдім. Артымнан кім кіргенін білмеймін. Дүкеннен темекі мен (...) сатып алдым. (...) біреу біреумен сөйлесті. Дауыс естідім, бірақ не туралы сөйлескенін білмеймін. Біреу біреуге қоңырау шалды (...). Сол жерде 3-4 көлік тұрған: Jeep, Mercedes және тағы екі көлік. Содан кейін мен мерседестің есігін аштым да, Данаға бардым. Оған "Үйге кетейік" дедім. Такси шақырмақ болдым, бірақ телефонымда байланыс болмады. Кейін полиция келді. Дүкеннің жанында мен алғаш рет сұр кофта киген жігіттің қолында қаруды көрдім. Басында ол кепка киіп алған еді. Оның бірінші рет оқ атқанын көрдім. Содан кейін мен бұрылып кеттім. Кейін тағы 2-3 оқ атылған дауыс естідім”, – деді Нұрбекова.
Нұрбекова тергеу кезінде жауапты екі тілде, орысша және қазақша араластырып бергенін және көп нәрсе есінде жоқ екенін айтады.
"Ол кезде орысша да, қазақша да жауап бердім. Бізді ары-бері жауап алуға жүгіртті", – деп жауап берді куәгер Нұрбекова.
Осы кезде мемлекеттік айыптаушы қорғаушы тараптың тағы реніш білдіретінін, сұрақты тағы нақтылау үшін сұрап жатқанын ескертті.
"Жаңа тергеу кезіндегі беттестістіру видеосында сіз қорғаушының да, тергеушінің де қазақша қойған сұрақтарына түсініп, қазақ тілінде анық жауап беріп отырсыз. Ал қазір келіп "қазақша түсінген жоқпын" деп отырсыз. Сізге төрағалық етуші сот сіздің заңды құқығыңызды ескеріп, екі тілдің біреуінде жауап беруге рұқсат берді. Алдын ала тергеу кезіндегі жауабымды түсінген жоқпын дейсіз. Алайда хаттамада сіз қалай жауап бердіңіз дәл солай жазылды. Бәрі сіздің сөзіңізбен басылған", – деді мемлекеттік айыптаушы.
Содан кейін прокурор "777" дүкеніне" барғанда кезде де жедел жәрдем шақыруға мүмкіндігіңіз болмады ма?” деп сұрақ қойды. Алайда куәгер Нұрбекова жедел жәрдемді Талғардың төмен жағынан барғаннан кейін және құрбысы екеуі оңашада болған кезде ғана шақырғысы келгенін алға тартады.
Эльмира Нұрбекова шок күйіне сілтеме жасап, кейбір сұрақтарға жауап бермегендіктен жәбірленуші тарап оны ұзақ уақыт бойы тергеді. Адвокаттар да оның жауабында сәйкессіздіктер бар екенін айтты. Сондай-ақ олар Нұрбекованың Шерзат Полатты өлтіру ісіне қатысы болуы мүмкін екенін де атап өтті.
"Егер ол оқиға орнында өз еркімен болып, барлық жағдайды көре тұра көмек шақырмаған болса — біздің ойымызша, оның бұл оқиғаға қатысы бар", — деді адвокат Мейірман Шекеев.