SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нью-Йоркте тұратын ірі еврей қауымдастығының тарихы Қазақстанмен тығыз байланысты. Бұл туралы олар 24KZ телеарнасының журналисі Ердана Ержанұлына берген сұхбатында айтып берді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға жер аударылған немесе босқын ретінде келген еврейлердің естеліктері жазылып, сол кездегі қазақ халқының мейірімі мен қонақжайлығы ерекше аталды. Ашкеназдық және бұхаралық еврейлермен қатар, Холокосттан аман қалған 100 мыңға жуық адам Қазақстанға қоныстанған.
«Қазақ халқына өмір сыйлағаны үшін алғысымды білдіремін. Холокост жылдарында анам Қазақстанда пана тапты – сіздер оны құтқардыңыздар. Ол әрдайым жергілікті халықтың соңғы нанын бөліскенін айтып отыратын. Соның арқасында мен бүгін тірімін. Бүгінде балаларымыз, немерелеріміз өсіп келеді. Бір күні Қазақстанға баруды армандаймын», – деді шараға қатысушының бірі.
«Қазақстанның осындай күрделі геосаяси кезеңде ішкі татулықты сақтап отырғаны таңғалдырады. Бірлік, теңдік, бейбітшілікке деген құрмет – бұл сіздердің ДНҚ-ларыңызға сіңген қасиет», – деді тағы бір қатысушы.
«Қазақ халқының басқа ұлт өкілдеріне ашықтығы мен мейірімі мені таңғалдырды. Мұндай үлгі көптеген елдерге өнеге бола алады», – деді келуші.
Іс-шараны белгілі раввин, Этносаралық өзара түсіністік қорының президенті Марк Шнайер жүргізді. Ол Қазақстанға бірнеше рет келгенін айтып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Бүгінгі кездесу көпшілікке Қазақстанның еврейлерге Холокост жылдарында қалай пана болғаны туралы аз айтылатын, бірақ аса маңызды тарихи парақты ашты. Ол жерде еврейлер өзге ұлт өкілдерімен тең өмір сүрді. Қазақстан мен Израиль арасындағы берік достық осылай қалыптасты», – деді Шнайер.
Шарада Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев та сөз сөйледі.