SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылдың 14 маусымында АҚШ астанасы Вашингтонда ел армиясының 250 жылдығына арналған үлкен әскери парад өтеді.
Айта кетсек, дәл сол күні Дональд Трамп 79 жасқа толады. Бұл – АҚШ тарихындағы "ең ірі әрі ең сән-салтанатты әскери парад" болмақ, деп хабарлайды Fox News АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсеттің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
ABC News парадты ұйымдастыру жоспарымен таныс дереккөзге сүйене отырып, 6600-ге жуық әскери қызметкер, танкілер, жаяу әскер көліктері мен тікұшақтар қатысатынын хабарлайды. Бұдан бөлек, мерекелік шара аясында Вашингтонда әскери техника көрмесі, музыкалық концерттер мен спорттық жарыстар өтетін біркүндік фестиваль жоспарланып отыр.
Трамп алғашқы мерзімінде парад өткізбек болған, бірақ...
Трамп 2017 жылы Франция президенті Эммануэль Макронның шақыруымен Бастилияны алу күніне арналған әскери парадты көргеннен кейін, АҚШ-та да осындай салтанат өткізуді ойлаған. Алайда, ұйымдастыру құны шамамен 90 миллион доллар болатыны белгілі болған соң, ол идеядан бас тартқан еді.
Парад Вашингтонға зиян келтіруі мүмкін
Вашингтон қаласының билігі ауыр әскери техниканың жолдарды бүлдіріп кетуі мүмкін екеніне алаңдаулы. Билік өкілдерінің айтуынша, егер қала инфрақұрылымы бүлінсе, бұл үшін федералды үкіметтен айтарлықтай өтемақы қажет болады.
ABC News-тің мәліметіне сәйкес, парад кезінде танкілерге Вирджиния штатынан қалаға апаратын көпірлер арқылы өтуге тыйым салынады. Алайда, Вашингтон ішіндегі белгілі бір жолдармен ғана жүрулеріне рұқсат берілмек.