SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 60 жастағы зейнеткер жылдар бойы үйінде қоқыс жинап, ақыры өз пәтерінде қайтыс болған. Бұл туралы Atyrau Online жазды.
Көршілері бірнеше күн бойы төзгісіз иіс сезіп, полиция шақырған. Тәртіп сақшылары келгенде, ер адамның бірнеше күн бұрын көз жұмғаны анықталған.
Тұрғындардың айтуынша, марқұм жылдар бойы ештеңе тастамай, үйін қоқысқа толтырған. Қайғылы жағдайдан кейін пәтер мен подъезд сасып кеткен. Көршілер өз күштерімен ақша жинап, жұмысшылар жалдап, қалдықтарды шығарған, бірақ иіс әлі де маза бермей тұр.
Атырау қаласы әкімдігі пәтерді арнайы бригада тазалағанын, ал СЭС-ке (санэпидемстанцияға) ресми хат енді ғана дайындалып жатқанын айтты.
«Біз санитарлық қызметке ресми сұраныс жібереміз. Пәтерге дезинфекция жасау жоспарланып отыр», – деді әкімдік өкілі Ғасырбек Төлеген.
Көршілер өздерінің денсаулығына алаңдайды және неге зейнеткер мұндай күйге жетіп, ешкімнен көмек ала алмағанын түсінбей отыр.