SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылып жатқан әскери шеруді биік тұрғын үй кешенінің терезесінен тамашаламақ болған тұрғынға ерекше тәсілмен ескерту жасалды. Әлеуметтік желіде тараған видеода дронның тікелей 20-қабаттағы терезеге ұшып келіп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын еске салып жатқан сәті көрінеді.
Кадрда дрон терезе маңында қалықтап тұрып: "Қауіпсіздігіңіз үшін терезені жауып, одан алыстауыңызды сұраймыз!", – деген дауыс арқылы ескерту жасайды.
Видео авторының айтуынша, бұл жағдай елордадағы биік тұрғын үй кешендерінің бірінде орын алған.
Әскери шеру кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілгені белгілі. Әсіресе Астана орталығында орналасқан ғимараттарда дрондар, бейнебақылау және басқа да қадағалау құралдары белсенді түрде қолданылып жатыр. Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әскери техника қозғалысы кезінде қандай да бір қауіптің алдын алу мақсатында жүзеге асырылуда.
Аталған жайт желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, кейбіреулер мұны заманауи және ақылды қауіпсіздік әдісі ретінде жоғары бағаласа, енді бірі мұндай тәсілдің жеке өмірге араласу шегін де ескеру қажеттігін айтып, пікір білдірген.
Айта кетейік, биылғы әскери шеру елордада ерекше ауқымда өтпек. Әскерилер мен техникалар, тікұшақтар мен ұшақтар қатысатын көріністердің қауіпсіз өтуі үшін тұрғындарға қойылған талаптар мен шектеулер алдын ала ескертілген болатын.