SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тұрғын үйлердің бірінде лифтте кішкентай балаға шабуыл жасаған 14 жастағы жасөспірімге қатысты іс қаралды. Бұл туралы Астана соттарының Telegram-дағы ресми арнасы жазды.
«Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 14 жасар К.- ге қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы бар қылмыстық іс келіп түсті (ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2) тармағы).
Сот К.-ның II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұра отырып, 2025 жылғы 11 ақпанда тұрғын үй кешенінің лифтінде болған кезде кәмелетке толмаған адамға яғни Е.-нің денесіне зақым келтіріп, оның бетіне пышақпен жарақат салғанын анықтады.
Сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес К. созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезеңінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбеген және оларды басқара алмаған, психикалық жағдайы бойынша өзіне және қоғамға қауіп төндірген. Мәжбүрлеп емдеуді қажет етеді», - делінген хабарламада.
Осылайша, сот қаулысына сәйкес, жасөспірім Талғар ауданы Ақтас ауылындағы қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі мекемеде стационарлық мәжбүрлеп емдеу тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 11 ақпанда желіде Астанадағы тұрғын үй кешенінің лифтінде белгісіз біреу кішкентай балаға пышақ жарақатын салғаны туралы ақпарат тарады. Бұған ПД баспасөз қызметі пікір білдірді. Оқиғаны тексеру барысында психоневрологиялық диспансер есебінде тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім анықталған.