SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция президенті Эммануэль Макронның әкімшілігі Еуропа көшбасшылары Киевке сапар кезінде есірткі қолданды деген ақпаратты жалған деп мәлімдеді. Олар мұндай фейктерді таратушыларды Францияның дұшпандары деп атады.
«Еуропалық бірлік біреулерге қолайсыз болғанда, дезинформация шектен шығып кетеді – қарапайым салфетканы да есірткі етіп көрсетеді. Бұл жалған ақпаратты Францияға қарсы әрекет ететіндер – шетелде де, ел ішінде де – таратып жатыр», – делінген Елисей сарайы 12 мамыр күні түнде X әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламада.
Макрон әкімшілігі жұртты «сақ болуға және манипуляцияларға ермеуге» шақырды.
Видеодағы – қағаз майлық
9 мамыр кешінде Франция президенті Макрон, Ұлыбритания премьері Кир Стармер және Германия канцлері Фридрих Мерц Киевке пойызбен барған. Жолда түсірілген журналистік видеолардың бірінен кейін әлеуметтік желі қолданушылары «есірткі қолданған шығар» деген болжамдар айтып шыға келді.
Желіде пікір қалдырғандар видеода Макрон ақ пакетті жасырып үлгерді, ал Мерц – түтікше секілді затты тығып жіберді деп топшылады.
Алайда AFP мен Associated Press агенттіктері жариялаған жоғары сапалы фото және видеоларда әлгі «ақ ұнтақ салынған пакет» – кәдімгі бүктелген мұрын орамалы, ал «түтікше» – кәдімгі шай қасық немесе тіс шұқығыш екені анық көрінеді.
Ресей СІМ-нің мәлімдемесі
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова видеоға пікір білдіріп, еуропалық саясаткерлер есірткі қолданды деп айыптады. Оның айтуынша, олар «журналистер келмей тұрып есірткі заттарын жасырып үлгермеген».
«ЕО үшін бұл қалыпты жағдай – көптеген батыс көшбасшылары есірткі қолданады», – деп жазды Захарова Telegram арнасында 11 мамырда.
Францияның жауабы
Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро өз кезегінде Ресейді әдейі жалған ақпарат таратып отыр деп айыптады.
«Біз бәрін көріп отырмыз! Сіздер Украинаның бейбітшілігін болдырмауға соншалықты құмарсыздар, енді ашықтан-ашық өтірік таратып отырсыздар. Бұл жауапсыздық, әрі сенімсіздік», – деді ол X желісіндегі парақшасында.
Не үшін жиналды?
Киевке сапары барысында Макрон, Стармер, Мерц және Польша премьері Дональд Туск Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөздер өткізді. Келіссөз қорытындысы бойынша олар Ресейді 12 мамырдан бастап 30 күнге атысты тоқтатуға шақырды.
Ресей президенті Владимир Путин бұл үндеуге жауап ретінде 15 мамырда Стамбулда тікелей келіссөздерді қайта бастауға шақырды, бірақ оқ атуды тоқтату талабын елемеді.