SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысы жасөспірімдер жүктілігі ең жиі тіркелген өңірлер тізіміне енді. Бұл туралы BaigeNews.kz жазды.
Қазақстан бойынша жасөспірім қыздар арасында (15-19 жас) тіркелген жүктілік жағдайлары Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында жиі кездеседі. Бұл өңірлерде аталған жас санатындағы туу көрсеткіші ел бойынша орташа деңгейден жоғары.
Жасөспірімдер арасындағы жүктілікке қатысты статистиканы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен баланы қорғау департаментінің аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халыкова келтірді.
«Біз жағдайды осы жас тобына шаққандағы көрсеткішпен бағалаймыз. Өңірлер арасындағы айырмашылықтар әлеуметтік және мәдени факторларға байланысты», – деді Халыкова.
Сонымен қатар ол елдегі жалпы туу көрсеткішінің төмендеп жатқанын атап өтті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы туу деңгейі 18,2%-ды құраған, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен. Биылдың алғашқы төрт айында ғана былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 10 мыңға аз нәресте туған.
«Бұл құбылыс 2000-жылдардың басындағы демографиялық дағдарыспен байланысты – бүгінде бала туу жасына сол кезеңнің саны аз ұрпағы жетіп жатыр», – деді Халыкова.
Сондай-ақ, бедеулікке қатысты деректер де айтылды: ел бойынша шамамен 29 мың әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Шәкизат Халыкованың айтуынша, ЭКО (жасанды ұрықтандыру) бәріне бірдей қажет емес, және барлық жұптар мемлекеттік емдеу мекемелеріне жүгінбейді.
«Кейбіреулер, әсіресе ер адамдар, жеке клиникаларда жасырын тексеруден өтеді. Сондықтан нақты жағдай ресми статистикадан өзгеше болуы мүмкін», – деді ол.
Маманның мәліметінше, Қазақстандағы репродуктив жастағы әйелдердің саны – 4,8 миллион, оның ішінде шамамен 1 миллиондайы – 15–18 жас аралығындағы жасөспірім қыздар.