SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте еріктілер 92 жастағы тыл ардагерін қоқыс пен жәндікке толы пәтерден тапты.
Шымкентте еріктілер тыл ардагері, 92 жастағы Мария Пономареваны тарақан қаптаған, қоқысқа толы пәтерде қараусыз күйде тапты. Ардагердің жанына жақын сіңлісі зейнетақысы мен жәрдемақысын алып отырғанымен, ешқандай күтім жасамаған. Волонтерлердің айтуынша, кейуана психологиялық шоктан сөйлей алмай қалған.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, зейнеткер әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізілген. Мамандар оған қажетті медициналық көмек көрсетіп, күтім жасалуда екенін хабарлады.
Еріктілердің айтуынша, Мария сіңлісімен бірге тұрған, себебі барлық әлеуметтік төлемдер сіңлісінің атына аударылып отырған. Жеңіс күні қарсаңында кейуанаға медаль мен 15 АЕК көлемінде сыйақы берілген, алайда қаражат тікелей өзіне емес, сол туысы арқылы табысталған.
Әйелдің пәтерінен түсірілген видеода қарт адамның лас бөлмеде, жалғыз өзі, жәндік пен үйінді арасында отырғаны анық көрінеді.
Басқарма мәліметінше, арнайы мобильді топ кейуананың жағдайын тексеруге келгенде есіктің іштен құлыптаулы екенін байқаған, алайда терезеден еденде жатқан әйелді көріп, көршілердің рұқсатымен есікті ашуға мәжбүр болған. Тұрғындардың айтуынша, сіңлісі соңғы күндері мүлде көрінбей кеткен.
Қазір Пономарева арнайы орталыққа орналастырылып, толық бақылауға алынған. Құзырлы органдар тарапынан бұл жағдай бойынша тексеру жұмыстары басталды.