Айыптау мәні — Трамп әкімшілігі көлік, лаңкестікке қарсы күрес және төтенше жағдайларға дайындық мақсатында бөлінетін миллиардтаған долларды штаттарды өздерінің қатаң иммиграциялық саясатын қолдауға мәжбүрлеу құралы ретінде пайдаланып отыр деп есептейді.
Істі бастап отырған Калифорнияның Бас прокуроры Роб Бонта бұл әрекетті "ашықтан-ашық заңсыз қысым" деп атады.
"Бұл қаражат — жолдарды жөндеуге, қауіпті жағдайларға дайын болуға арналған. Оны иммиграциялық келісім үшін саудаға салуға болмайды," — деді Бонта мәлімдемесінде.
Мемлекеттер қандай уәж келтіріп отыр?
Штаттар бұл талаптар Конгресс құзыретін бұзып отыр дейді. Себебі федералды үкімет мемлекеттік шығындар бойынша шешімді өзі қабылдауға тырысып отыр.
Қауіпсіздік департаментінің уәжі:
Министрлік өкілі Триша Маклафлин:
"Иммиграцияны ұстауға кедергі келтіретін штаттар федералды қаржыны алуға лайық емес. 'Пана' қалалардың радикал саясаткерлері заңсыз мигранттардың емес, америкалықтардың қауіпсіздігін ойлау керек", — деп мәлімдеді.
Трамптың бұйрықтары:
2025 жылғы 20 қаңтарда екінші мерзімге кіріскелі бері Трамп бірнеше жарлыққа қол қойып, "пана аймақтарды"(яғни иммиграциялық органдармен жұмыс істемейтін штаттар мен қалаларды) қаржыландырудан айыруды тапсырған.
Қазірдің өзінде федералды сот Трамп әкімшілігіне 16 қала мен округке бөлінген қаржыны тоқтатуға тыйым салған.
Жаңа талаптар не жайлы?
Сейсенбі күні берілген шағымдардың бірі Ішкі қауіпсіздік департаментінің жаңа талабын нысанаға алған. Ол талап бойынша штаттар азаматтық иммиграциялық рейдтерге қолдау көрсетпесе, төтенше жағдайлар, апаттарға дайындық пен киберқауіпсіздікке арналған гранттардан қағылады.
Нью-Йорк бас прокуроры Летиция Джеймс бұл талаптарды былай сипаттады:
"Штаттарға ашық ультиматум қойылуда: Төтенше жағдайға дайын болғың келсе, Трамптың заңсыз әрі бейберекет иммиграциялық жоспарына қолдау көрсет."
Екінші сот шағымы — АҚШ Көлік министрі Шон Даффидің 24 сәуірдегі хатына қатысты. Ол хатта штаттар иммиграциялық талаптарға бағынбаса немесе әртүрлілік пен инклюзия бағдарламаларын жүргізсе, көлікке бөлінетін қаржылардан қағылатыны жазылған.