SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші Медеу Арынбаев өмірден өткен жары туралы тебірене еске алып, көзіне жас алды. Ол жұбайының мейірімі мен қолдауы өзіне өмірінің соңына дейін күш беретінін айтты.
Бағдарлама барысында ұл-қызы да әкелеріне жүрекжарды тілектерін білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
«Анамыз жайлы жиі әңгімелесеміз. Ол кісі өте мейірімді адам еді, екі жоғары білімі де болған. Ағылшын тіліне судай еді.
Әкеміз де керемет жан. Бізді тәрбиелеп өсірді. Әкеміз қашанда бақытты болсын деп тілейміз. Ең бастысы денсаулығы мықты болсын! Біз ол кісіге үйлен деп қыстамаймыз. Бірақ өзінің махаббатын тапса, біз қарсы емеспіз», - дейді Медеу Арынбаевтың ұл-қызы.
Әнші Медеу Арынбаев эфир барысында марқұм жұбайының сөздерін еске алып, көзіне жас алды. Ол Айгүлдің өмірінен кеткенімен, қалдырған қуаты мен мейірімі әлі күнге дейін демеу болып келе жатқанын айтты.
«Мен өмірдегі ең бақытты адаммын. Өйткені Айгүлім осындай ұлым мен қызымды сыйлап, тапсырып кеткен. Балаларымның тілегін білемін ғой. Одан артық бақыт бар ма? Сағым сынбай, осындай ұл мен қызды тәрбиелеу қолымнан келіп жатса, одан артық бақыт бар ма?
Бірақ мен ойымнан қайтпаймын. Тұрақтылықты жақсы көремін. Сынып кетуіме хақым жоқ. Өйткені, Айгүлдің маған беріп кеткен шуағы, қуаты маған өмірімнің аяғына дейін жететін сияқты. Әлі есімде, мынаны айтатын, «біздің балаларымыз ешқашан қиналмайды, мен көрген қиындықты бұлар көрмейді, оны білемін, сенемін», деп маған өсиет сияқты қайта-қайта айта беретін.
Сол қуатпен, сол энергетикамен әлі күнге дейін келе жатқан сияқтымын. Осыдан кейін қалай сынамын?!», - деген Медеу Арынбаевтың жанары жасқа толып кетті.
Айта кетейік, Медеу Арынбаевтың жұбайы 2011 жыл өмірден өткен еді.