SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Зеленский Ресеймен келіссөздерге Умеров жетекшілік ететін делегацияны жібереді.
Украина президенті Владимир Зеленский Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуден кейін Украина делегациясын Қорғаныс министрі Рүстем Умеров басқаратынын мәлімдеді. Ресей делегациясына Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский жетекшілік етеді.
Зеленскийдің айтуынша, өзі Стамбулға бармайды. Келіссөздер жұма, 16 мамырға жоспарланған. Ол келіссөздерге делегация жіберу шешімін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға деген құрмет ретінде қабылдағанын айтты. «Соғысты тоқтату жолындағы алғашқы қадамдарға қол жеткізу үшін» делегацияны жібере жатқанын мәлімдеді.
Украина президенті сонымен қатар СБУ басшысы мен Қарулы күштердің Бас штабы да Стамбулға бармайтынын айтты, себебі Ресей президенті Владимир Путин келіссөздерге келмейді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да делегациялар кездесуіне қатыспайды. Оның айтуынша, себебі – Ресей тарапынан келіссөзге "төмен деңгейдегі" топ келген. Рубио Вашингтон бұл келіссөздерден үлкен үміт күтпейтінін жеткізді.
Егер Ресей соғысты тоқтатуға қадам жасамаса, Украина АҚШ, ЕО және жаһандық Оңтүстік елдерінен қатаң санкциялар енгізуді сұрайды, деді Зеленский. Оның айтуынша, Украина делегациясы Стамбулда атысты тоқтату мәселесін талқылайды және АҚШ өкілдерімен кездеседі.
Зеленский бұл мәлімдемелерді Анкарада Түркия президентімен кездесуден кейін жасады. Түркия президентінің кеңсесі Ердоған екі елдің басшыларын – Зеленский мен Путинді – келіссөздерге қабылдауға дайын екенін хабарлады.
Мединский: Мәскеу келіссөздерді 2022 жылы үзілген диалогтың жалғасы ретінде көреді
Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский Стамбулдағы Ресейдің бас консулдығында қысқаша мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Мәскеу бұл кездесуді 2022 жылы үзілген келіссөздердің жалғасы деп санайды.
«Делегация ортақ ұстанымдарды табуға және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ниетті», – деді Мединский.
Бұған дейін ол Ресейдің Стамбулда келіссөздерді қайта бастауға және ымыраға келуге дайын екенін, делегацияның жұмыс көңіл-күйі бар екенін хабарлаған.
Анкараға келгенде Зеленский Украина делегациясы Түркияда ең жоғары деңгейде өкілдік етіп отырғанын айтты: сыртқы істер министрлігі, президент кеңсесі, әскер мен барлау – барлығы шешім қабылдауға дайын. Ал Ресей делегациясын ол «бутафория» деп атады.
– Біз Ресей делегациясының деңгейін, олардың мандатын, өз бетінше шешім қабылдай ала ма – соны түсінуіміз керек. Өйткені бәріміз Ресейде шешімді кім қабылдайтынын білеміз, – деді Зеленский, бұл сөзінде Стамбулға келмеген Владимир Путинді меңзеп.