1065

Журналист Мысырда қаза тапқан Ақмарал Мұқанова туралы айтып берді

Үнемі күлімдеп жүретін жарқын жанды кісі еді дейді ол...

Журналист Мысырда қаза тапқан Ақмарал Мұқанова туралы айтып берді
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мысырдың Шарм-эль-Шейх әуежайында жарнама қалқанының құлауынан көз жұмған қазақстандық әйел туралы Tengrinews.kz басылымына оның кіндік баласы, журналист Анвар Шалекенов естелік айтып берді.

"Бұл — менің кіндік шешем. Ақмарал Мұқанова анамның бала күнгі құрбысы. Біз отбасымызбен араласатын едік", — деді Анвар.

Марқұм ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысында ішкі істер саласында қызмет еткен. Кейін зейнетке шығып, ұлымен бірге Астанада тұрған. Ұлы жуырда ғана университет бітірген.

"Ол — өте жарық жан еді. Жарқырап жүретін, үнемі күлімдеп. Шынымды айтсам, өткен шақпен айтуға тілім бармайды", — деп еске алды журналист.

Шалекенов кіндік шешесінің елгезек, жаны жайсаң адам болғанын айтады.

"Ешкімді назардан тыс қалдырмайтын. Мен оны форма киген күйінде елестетем, нағыз абыройлы офицер болды", — дейді ол.

Ақмарал Мұқанова саяхаттауды жақсы көрген. Ұлымен бірге жиі сапарлайтын.

"Олар сол күні бірге жүрген. Ұлы әлі Мысырда. Бұл — біз үшін ауыр соққы. Жексенбі күні қайғылы хабар келді. Ондай болады деп ешқашан ойлаған емеспіз", — деді Шалекенов көзіне жас алып.

Еске салайық, қайғылы оқиға 17 мамыр күні ауа райының қолайсыздығынан Шарм-эль-Шейх әуежайында болған. Жарнама қалқаны құлап, төрт адам зардап шеккен. Олардың бірі — Ақмарал Мұқанова — оқиға орнында көз жұмған. ҚР Сыртқы істер министрлігі марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, қажетті көмекті көрсетіп жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор