Ақтөбе облыстық білім басқармасының хабарлауынша, Қобда ауданындағы үш білім ордасындағы 400-ге жуық оқушы екі күннен бері сабақты онлайн оқып жүр.
«Қазіргі таңда И.Тайманов атындағы гимназияның 311 оқушысы, И.Құрманов атындағы – 76 оқушысы және Қобыланды батыр атындағы орта мектебі жанындағы интернаттың 5 тәрбиеленушісі барлығы 3 мектептен 392 оқушы қашықтан білім алып жатыр. Тәрбиешілер қатыныс шектелген Ропповка ауылының тұрғындары. Сонымен қатар Ойыл ауданы Екпетал мектеп-балабақшасының 61 оқушысы бүгіннен бастап сабақты онлайн оқуға көшті», - деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.
Еске салсақ, Қобда ауданында 51 үй су астында қалды.
Сонымен бірге дене шынықтыру-сауықтыру кешені, дәмхана, көлікке техникалық қызмет көрсету орталығын да су басты.
Қобда ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.
Сонымен бірге су тасқынына қарсы арнайы комиссия құрылып, шығынды есептеу жұмысы қауіп сейілгенде басталады.