Мұнай өндірісі төмендесе де, Қазақстан экономикасы өсім көрсетті
Құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы да экономикалық өсімнің сақталуына ықпал етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан экономикасы 2026 жылдың алғашқы жеті айында сыртқы сын-қатерлерге қарамастан тұрақты өсім көрсетті. Қаңтар-шілде аралығында елдің жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызға артқан. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.
Алдын ала Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қаңтар-шілде айларындағы экономикалық өсім бірінші жартыжылдықтағы 4,1 пайыздық көрсеткіш деңгейінде сақталған.
Өсім мұнай өндірісінің 8,9 пайызға төмендеп, 53,2 млн тоннаға дейін қысқарғанына және әлемдік нарықтардағы құбылмалылыққа қарамастан қамтамасыз етілді.
Экономиканың негізгі тірегіне мұнайдан тыс сектор айналып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, бұл бағыт жеті айда 5,4 пайызға өскен.
Ең жоғары қарқын өңдеу өнеркәсібінде тіркелді — саладағы өсім 9 пайызды құрады. Оның ішінде химия өнеркәсібі 26,9 пайызға, дайын металл бұйымдарын өндіру 35 пайызға, фармацевтика 38,5 пайызға, машина жасау 22 пайызға, азық-түлік өндірісі 13,9 пайызға артқан. Құрылыс материалдарын өндіруде де 9,4 пайыздық өсім байқалды.
Бұдан бөлек, құрылыс саласы 15,3 пайызға, көлік және қоймалау 7,4 пайызға, сауда 5,9 пайызға, ауыл шаруашылығы 5 пайызға, байланыс саласы 4,3 пайызға өскен.
Бұған дейін Қазақстан экономикасының өсімі көбіне шикізат секторындағы жағдайға тәуелді болатын. Мұнай өндіру қарқыны баяуласа, жалпы ішкі өнімнің өсімі де тежелетін, ал өндірістің артуы экономиканың жалпы көрсеткішіне бірден әсер ететін.
Алайда соңғы жылдары экономиканы әртараптандыруға бағытталған шаралар бұл тәуелділікті біртіндеп азайтып келеді. Өнеркәсіптік әлеуетті күшейту, даму институттарының рөлін арттыру, көлік және теміржол инфрақұрылымын дамыту, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ шикізаттық емес бағыттарға инвестиция тарту осы өзгеріске ықпал еткен.
Нәтижесінде мұнай секторының экономикадағы үлесі де төмендеген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі 7,8 пайызға дейін қысқарған.
Материал авторы