262

Астанада автобуста тұншыққан баланы полицей құтқарып қалды

Қалалық автобуста кәмпитке қақалған бала дем ала алмай, шұғыл көмекке мұқтаж болған.

Астанада автобуста тұншыққан баланы полицей құтқарып қалды
ІІМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қоғамдық көлікте кішкентай бала кәмпитке қақалып, дем ала алмай қалған. Оқиға кезінде жолаушылардың бірі дереу көмек көрсетіп, баланың тыныс алуын қалпына келтірген. Кейін оның Астана қаласы полиция департаментінің арнайы жедел қимыл жасағының қызметкері Әлішер Жарқымбеков екені белгілі болды.

Оқиға қалалық автобустардың бірінде болған. Бала арбада отырған кезде кенеттен кәмпитке қақалып, тұншыға бастаған. Оның жағдайын байқаған жолаушы бірден іске кіріскен.

Ол баланы қолына алып, еңкейтіп, тыныс жолдарының ашықтығын қалпына келтіруге бағытталған алғашқы көмек әдістерін қолданған. Біраз уақыттан кейін баланың тынысы қайта қалпына келген.

Полицияның мәліметінше, төтенше жағдайда дұрыс әрекет етіп, баланың өміріне қауіп төнген сәтте кәсіби дағдыларын қолданған адам — Астана қаласы полиция департаментінің арнайы жедел қимыл жасағының қызметкері Әлішер Жарқымбеков.

Полиция бұл жағдай алғашқы көмек көрсету дағдыларының төтенше сәтте қаншалықты маңызды екенін көрсеткенін атап өтті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор