127

Түркияның Гази университеті Қазақстандағы филиалына алғашқы талапкерлерін қабылдады

Жаңа оқу жылында Гази университетінің елдегі филиалына 100 мемлекеттік білім беру гранты бөлініп, әзірге оның 77 иегері анықталды.

Түркияның Гази университеті Қазақстандағы филиалына алғашқы талапкерлерін қабылдады
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Түркияның Гази университетінің Қазақстандағы филиалы алғаш рет талапкерлерін қабылдады. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында ашылған филиал 2026-2027 оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Филиалға биыл Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі 100 мемлекеттік білім беру грантын бөлді. Қазіргі таңда олардың 77 иегері анықталған.

Талапкерлерді іріктеу халықаралық талаптарға сәйкес екі кезеңмен өтті. Алдымен үміткерлердің теориялық дайындығы мен академиялық білімі бағаланды. Жоғары нәтиже көрсеткендер келесі кезеңге өтіп, сұхбаттасу емтиханынан өтті.

Филиалға құжат тапсырған алғашқы талапкер Сабина Арманқызы Дихан болды.

Қазір филиалда оқу процесін ұйымдастыру, оқу жоспарларын әзірлеу, материалдық-техникалық базаны қалыптастыру және білім беру қызметіне қажетті нормативтік талаптарды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Филиалдың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары білім беру саласындағы байланысты кеңейтуге бағытталған. Алдағы уақытта мұнда бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, тәжірибе алмасу және қос дипломды білім беру жобаларын іске асыру жоспарланған.

Жоба арқылы Қазақстандағы педагогикалық білім беру сапасын арттырып, халықаралық тәжірибені оқу процесіне кеңірек енгізу көзделіп отыр.