Полицейлерге тас пен таяқпен шабуылдаған үш адам түрмеге жіберілді
Мас күйдегі ер адамдар шақырту орнына келген полицейлерге күш көрсетіп, оларды аяусыз соққыға жыққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында қызметтік міндетін атқарып жүрген полицейлерге шабуыл жасаған үш ер адамның жазасы күшейтілді. Бұған дейін сот оларды бас бостандығынан айырмай, шектеу жазасын тағайындаған. Алайда кассациялық сот бұл шешімді өзгертіп, сотталғандарды колонияға жіберді.
Оқиға Мақат ауданында болған. Шақырту бойынша келген полицейлерге мас күйдегі ер адамдар қарсылық көрсеткен. Олар тәртіп сақшыларын тепкілеп, ағаш таяқ пен тас қолданған. Шабуыл салдарынан полицейлердің бірі орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған.
Бұған дейін Қызылқоға аудандық соты Б. және А. есімді азаматтардың әрқайсысына төрт жылдан бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Ал Ж. үш жыл алты айға бостандықты шектеу жазасына кесілген.
Алайда Бас прокурордың орынбасары бұл үкімге наразылық білдірді. Істі қараған кассациялық алқа бұрынғы жазаны қылмыстың ауырлығына сәйкес емес деп тапты.
Сот сотталғандардың әрекеті қоғамға жоғары қауіп төндіргенін атап өтті. Өйткені олар қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып қана қоймай, қызметтік міндетін атқарып жүрген полицейдің денсаулығына зиян келтірген.
Нәтижесінде бұрын белгіленген мерзімдер сақталғанымен, жаза түрі өзгертілді. Б. мен А. төрт жылға, ал Ж. үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Үшеуі де сот залында қамауға алынды.
Материал авторы