402

Клиенттерден 80 млн теңге алған: Алматыда туристік агенттік басшысы 4,5 жылға сотталды

Кәсіпкер өз кінәсін мойындамай, клиенттердің ақшасын серіктесі мен күйеуі иемденіп кеткенін мәлімдеді.

Клиенттерден 80 млн теңге алған: Алматыда туристік агенттік басшысы 4,5 жылға сотталды
Kozachkov offside

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда туристік агенттік басшысы клиенттерінен 80 млн теңге алып, уәде етілген туристік қызметтерді толық көрсетпегені үшін сотталды. Сот оған 4,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда әйелдің асырауында кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу кейінге қалдырылды.

Сот алдында Travel Way Kz жеке кәсіпкерлігінің басшысы, 27 жастағы Лиана Тавмурзаева жауап берген. Ол бұған дейін туризм саласында менеджер болып жұмыс істеп, 2024 жылы жеке компаниясын ашқан.

Кәсіпкерлік қызметін бастағаннан кейін Тавмурзаева клиенттерге туристік пакеттер сатқан. Алайда сот материалдарына сәйкес, бірқатар жағдайда уәде етілген қызмет көрсетілмеген. Кейбір туристер шетелге ұша алмаған, тіпті оларға әуе билеттері рәсімделмеген. Басқа клиенттердің қонақүй шығыны да төленбеген.

Осының салдарынан 2025 жылдың жазына қарай 37 адам құқық қорғау органдарына арызданған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 80 млн теңгеге жуықтаған.

Іс бойынша Тавмурзаева ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Сотта өзін ақтауға тырысты

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, компаниядағы қаржылық қиындықтарға өзі де тап болған. Тавмурзаева клиенттерден түскен қаражатты сапарларды ұйымдастыруға жұмсағанын, ал кейін ақша жетіспей қалғанын айтқан.

Сонымен бірге ол туристерден түскен қаражатты серіктесі мен күйеуі иемденіп кеткенін мәлімдеп, өзін де алданған тарап ретінде көрсетуге тырысқан.

Алайда сот бұл уәждерді негізді деп таппаған. Соттың қорытындысы бойынша, әйелдің басқа адамдардың қаражатын иемдену ниеті болған.

Нәтижесінде Лиана Тавмурзаева екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дегенмен ол жазасын бірден түрмеде өтемейді. Сот кәмелетке толмаған баласы бар жалғызбасты аналарға қатысты заңдағы норманы ескерген.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай жағдайда бас бостандығынан айыру жазасын орындау баланың белгілі бір жасқа толуына дейін кейінге қалдырылуы мүмкін. Осыған байланысты Тавмурзаеваның жазасын өтеуі екі жылға шегерілді.

Бұл шешім оның міндетті түрде екі жылдан кейін түрмеге қамалатынын білдірмейді. Жазаны кейінге қалдыру мерзімі аяқталған кезде оның әрі қарайғы құқықтық жағдайы заң талаптарына сәйкес шешіледі.