Елімізде ұшақ билеттері қымбаттады: баға неге өсті?
Бағаның өсуіне қарамастан, халықтың ұшақпен сапары азаймаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы қайта көтерілді. Шілдеде әуе жолаушыларын тасымалдау қызметінің құны маусыммен салыстырғанда 3,2%-ға қымбаттаған. Жылдық көрсеткіш те айтарлықтай өсті: шілдеде авиасапарлар бағасы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,8%-ға жоғарылаған. Бұл туралы Ranking.kz хабарлады.
Авиабилеттердің қымбаттауына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олардың қатарында халықаралық әуежайлардағы авиаотын бағасының өсуі, ұшақтарға инженерлік-техникалық қызмет көрсету шығындарының артуы және әуе тасымалдаушылардың басқа да операциялық шығындарының көбеюі бар.
Бағаның өсуі биыл тұрақты сипат алған. Ақпан айынан бастап әуе тасымалы қызметінің айлық тұтыну бағалары индексі 100 пайыздан жоғары болды. Ең жоғары өсім наурыз бен сәуірде тіркеліп, сәйкесінше 6,6% және 5,4%-ды құрады.
Соған қарамастан, қазақстандықтардың ұшақпен сапарлау белсенділігі төмендеген жоқ. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында әуе көлігімен 7,4 миллион жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,6%-ға көп. Жолаушылар айналымы да 7,9%-ға өсіп, 15,3 миллиард жолаушы-шақырымға жеткен.
Саладағы қымбатшылыққа тасымалдаушылардың шығындарының өсуі де әсер етуде. Мәселен, Air Astana компаниясының операциялық шығындары 2025 жылы 28,8%-ға, ал 2026 жылдың алғашқы алты айында тағы 16,3%-ға артқан.
Компания шығындардың өсуін халықаралық әуежайлардағы авиаотын бағасының жоғары болуымен, теңгенің нығаюымен және Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты мәселелерден туындаған қосымша шығындармен байланыстырған.
Сонымен қатар ұшақтарға техникалық қызмет көрсету құны да өскен. Өткен жылы бұл бағыттағы шығын 37,3%-ға көбейген, ал жанармайға жұмсалған қаражат 20,8%-ға артқан.
Осы факторлардың барлығы әуе компанияларының шығынын көбейтіп, ақырында билет бағасына әсер етіп отыр. Яғни қазақстандықтар үшін ұшақпен сапарлау қымбаттағанымен, әуе тасымалына сұраныс әзірге төмендеген жоқ.
Материал авторы