145

Нұрай Серікбайдың өлімі: прокурор айыпталушыға өмір бойына соттауды сұрады

Прокурор қылмысты ерекше қатыгездікпен жасалған әрекет деп бағалап, ең қатаң жазаны талап етті.

Нұрай Серікбайдың өлімі: прокурор айыпталушыға өмір бойына соттауды сұрады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Сот жарыссөзінде прокурор Мадияр Абылқасымовтың айтуынша, айыпталушы Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, қорқытып келген. Осыған байланысты қыз телефон нөмірін бірнеше рет ауыстырып, Алматыда жасырынуға мәжбүр болған.

Мемлекеттік айыптаушы істегі мәжбүрлі алып қашу эпизодына да тоқталды. Оның сөзінше, Нұрайдың Аймаханға «өз еркімен» барғанын көрсететін видео қысым арқылы және алдын ала жаттатылған мәтін бойынша түсірілген.

Прокурор айыпталушының қылмысты аффект жағдайында жасағаны туралы уәжін де негізсіз деп санайды. Сот-психиатриялық және психологиялық сараптамалар оның өз әрекетінің қауіптілігін түсінгенін көрсеткен.

Мемлекеттік айыптау тарапы Шерхан Аймаханды Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Оның ішінде ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және аңдуға қатысты баптар бар.

Прокурордың сұраған түпкілікті жазасы – төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 30 АЕК көлемінде мәжбүрлі төлем және сараптамаларға жұмсалған процестік шығындарды өтеу сұралды.

Нұрай Серікбай ісі

Тергеу мәліметінше, қылмыс 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте болған. Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша Шерхан Аймаханға айып тағылған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Нұрай бұрын да оның тарапынан қысым көрген. Іс бойынша сот шілде айында басталған. Тергеу барысында қызға пышақпен бірнеше рет жарақат салынғаны анықталған.

Айыпталушы бұған дейін тағылған кінәні мойындамай, қылмысты аффект жағдайында жасағанын айтқан. Алайда сараптама оның есі дұрыс болғанын көрсетті.

Қаза тапқан қыздың отбасы соттан айыпталушыдан 10 миллиард теңгеден астам материалдық және моральдық өтемақы өндіруді талап еткен.

Материал авторы