SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 16 мамыр күні таңертең шамамен сағат 11-де Өзбекстандағы Андижан облысы Қурғонтепе ауданына қарасты «Ибн Сино» махалласында төтенше жағдай орын алды. Бұл туралы Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Абайсызда жеті жастағы бала тереңдігі 40 метрге жететін ескі, қараусыз қалған құдыққа құлап кеткен. Абырой болғанда, Өзбекстанның ТЖМ құтқарушылары дер кезінде жетіп, баланы аман алып шықты.
Құтқару операциясына арнайы техника қолданылған. Мамандар үйлесімді жұмыс істеп, баланы жер бетіне сәтті шығарды.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Жасырын жарақаттардың бар-жоғын анықтау үшін ол ауруханаға жеткізілді.