1483

Алматының жаңа әкімі боп Дархан Сатыбалды тағайындалды

Ол бұған дейін Президент әкімшілігінде қызмет атқарды.

Алматының жаңа әкімі боп Дархан Сатыбалды тағайындалды
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Сатыбалды Дархан Амангелдіұлын Алматы қаласының әкімі лауазымына тағайындап, бұған дейін атқарған қызметінен босатылсын», – делінген Мемлекет басшысының жарлығында.

Дархан Сатыбалдының өмірбаяны

Дархан Сатыбалды 1974 жылы 26 наурызда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын және Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. Мамандығы – экономист-менеджер, заңгер.

Еңбек жолын 1991 жылы Келес ауданындағы «Коммунизм» бөлімшесінде жұмысшы болып бастаған. Кейін Келес ауданындағы «Келес» кәсіпорнында аға экономист, ал Ақмола облысында «Құраков и КО» ЖШС-де бас бухгалтер болған.

2000–2002 жылдары – мемлекеттік мекемелердің бюджет рәсімдерін бақылау басқармасында бас ревизор-инспектор.

2002–2006 жылдары – ҚР Президенті Іс басқармасының қаржылық бақылау және бюджеттік жоспарлау бөлімінде түрлі қызметтер атқарған.

2006–2007 жылдары – Астана қаласы әкімдігінің «Жылу» КМК директоры, Жоғарғы сот жанындағы сот әкімшілігі комитетінде жұмыс істеген.

2007–2010 жылдары – Білім және ғылым министрлігінде түрлі басшылық лауазымда қызмет еткен.

2010–2013 жылдары – ҰҚК департаментінің бастығы, Премьер-Министр Кеңсесінде әлеуметтік-экономикалық бөлім басшысының орынбасары.

2013–2015 жылдары – Шымкент қаласының әкімі.

2015–2017 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары.

2018–2019 жылдары – Шымкент қаласынан сайланған Сенат депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі.

2019–2022 жылдары – Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі.

2022–2025 жылдары – Түркістан облысының әкімі.

2025 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының жарлығымен Түркістан облысы әкімінің қызметінен босатылып, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Материал авторы