SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс екінші оқылымда полицейлер жұмысына байланысты қағазбастылықты қысқартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Бұл — Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі мемлекеттік аппаратты дебюрократияландыру туралы Жарлығын орындау аясында жасалған қадам.
Заң жобасындағы ең маңызды өзгерістердің бірі — "жергілікті полиция қызметі" (ЖПҚ) ұғымының заңнамадан алынуы. Бұл құрылым 2016 жылы құрылған еді. Алайда құрастырушылардың айтуынша, ЖПҚ өз міндеттерін тиімді орындай алмаған — құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау орнына, полицейлер көбіне қоқыс шығарудан бастап, көше тазалығына дейінгі екінші дәрежелі істермен айналысқан.
“Ішкі істер министрлігі ЖПҚ мен әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың орнына екі жаңа басқарма құрмақ: құқық бұзушылықтың алдын алу басқармасы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармасы. Әрқайсысы тек өз саласымен айналысады”, – делінген Мәжіліс хабарламасында.
Сондай-ақ заң жобасында кейбір терминологиялық өзгерістер де бар. Мысалы, бұрынғы "көлік полициясы" "сызықтық полиция" деп аталмайтын болады. Ал әскери-тергеу органдары енді полиция құрылымынан мүлдем бөлініп, жеке ведомство ретінде жұмыс істейді.
Жергілікті полиция қызметі қалай құрылған еді?
ЖПҚ 2016 жылы құрылған. Ол атқарушы билік пен халыққа тікелей бағынып, негізгі міндеттері ретінде:
қоғамдық тәртіпті сақтау,
құқық бұзушылықтың алдын алу,
жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету,
қылмыспен күрес жүргізу көзделген.
Құрамына учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері, ювеналды және мектеп инспекторлары, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күрес бөлімдері, сондай-ақ экологиялық және жол-патрульдік полиция кірген.
Бұрын ЖПҚ басшылары әкімдік пен мәслихат алдында жылына екі рет есеп беруі тиіс болса, учаскелік полицейлер өз аумағының тұрғындарына тоқсан сайын есеп беретін.