1554

Жәбірленуші тарап куәгер қыздардан қайта жауап алуды сұрады

Көліктегі бейнежазба қаралды. Онда куәлардың оқиға кезінде «шок жағдайында» болмағаны белгілі болды.

Жәбірленуші тарап куәгер қыздардан қайта жауап алуды сұрады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілдері бірқатар куәлардан қайта жауап алуды сұрады.

Атап айтқанда, жәбірленуші тараптың адвокаттары Эльмира Нұрбекова мен Арлан Қазыкеновті сотқа қайта шақырып, қосымша жауап алуды ұсынды. Олар кеше көрсетілген бейнежазба негізінде аталған куәлардың оқиға кезінде «шок жағдайында» болмағанын және мән-жайды біліп отырғанын алға тартты.

— Бейнежазбадан олардың жағдайды толық түсініп тұрғанын көрдік. Қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген уәжбен оларды қайта шақыруды сұраймыз, — деді жәбірленушілердің адвокаты.

Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Оның айтуынша, аталмыш тұлғалардың қылмысқа қатысы бар-жоғы бойынша тергеу органдары нақты шешім шығармаған.

— Бұл мәселеде тергеу органдарының шешімі жоқ. Сондықтан оларды қайта шақыруға негіз жоқ, — деп түсіндірді судья.

Сондай-ақ жәбірленуші тарап сотқа тағы бір өтінішхат жолдады. Онда жәбірленушілер Жұмабике Қадырова, Қаржаубай Нұрымов және Гүлбарам Бишембиева денсаулығына байланысты сотқа келе алмайтындарын, бұрынғы берген жауаптарын қолдайтындарын және істерінің өз қатысуларына қарамастан жалғасуын сұраған.

Алайда бұл өтінішке сотталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы қарсы пікір білдірді.

— Олар жауаптарын бірнеше рет өзгерткен. Сондықтан қай жауабына тоқтайтынын өздерінен нақтылап сұрау керек, — деді адвокат Жұман Әбенов.

Дегенмен судья бұл жайт бойынша сот тергеуі басталғанға дейін барлық тарапқа қажетті сұрақтарды қою мүмкіндігі берілгенін айтып, істі жәбірленушілердің қатысуынсыз қарауды жалғастыру туралы шешім шығарды.

Материал авторы