SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Украина мен Ресей арасындағы келесі тікелей келіссөздер раунды қарсаңында тараптарды атысты тоқтату туралы келіссөздерге мүмкіндік беруге шақырды.
Еске сала кетейік, Ресей тарапы Украинаны 2 маусым күні Стамбулда өтетін келіссөздердің келесі раундына шақырған. Алайда кездесу белгісіздік жағдайында қалып отыр, себебі Кремль Украинаның соғыс тоқтауына қатысты меморандумды алдын ала ұсыну талабын "бейконструктивті" деп бағалады.
— Біз Ресеймен де, Украинамен де байланыстамыз. Екі тарапқа да айтып отырмыз: есік жабылмай тұрғанда, оны тарс жауып тастамаңдар, — деді Ердоған 29 мамыр күні.
Ол өз мәлімдемесінде Украинадағы соғысты «аймақтағы алып өрт» деп атап, бұл қантөгісті тоқтату — "гуманитарлық міндет" екенін айтты.
Келіссөздер өткізілетіні әзірге нақты емес
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Стамбулда өтетін жаңа раундты ұсынғанын растады. Ал Украина жағы мәселені талқылауға дайын екенін білдірді, бірақ алдымен Ресей тарапынан бейбіт келісім шарттарын жазбаша түрде алғысы келеді.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл талапты сынға алды:
– Украина бейбіт келісім шарттарын алдын ала сұрап отыр. Алайда біз дүйсенбі күні кездесіп, сол құжаттарды талқылайық деп отырмыз. Тараптардың бірінің мұндай талап қоюы — конструктивті емес, – деді Песков.
Ал Украина Қорғаныс министрі әрі келіссөздерге жетекшілік ететін Рустем Умеров өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында:
– Ресей тарапында бізге құжат жолдау үшін әлі кемінде төрт күн бар. Украина әрқашан конструктивті ұстанымда болды және солай қала береді. Кез келген кездесу нәтижелі болуы тиіс, сондықтан ол мұқият дайындалуы керек, – деп жазды.