Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов қол қойылған құжат тек тараптардың ресми келісімін ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтық мәдениетін дамыту мен олардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолындағы ортақ жауапкершілікті білдіретінін атап өтті.
«Жариялылық пен ашықтық қағидаттары конституциялық бақылау органдары қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Біз негізгі халықаралық органдардың ұсынымдарын қоса алғанда, жалпыға бірдей стандарттарды дәйекті түрде ұстанамыз», - деді Нұрмұханов.
Бас редакторлар клубының президенті, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексембай бұқаралық ақпарат құралдарының конституциялық бақылау органы мен қоғам арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі маңызды рөлін атап өтіп, олардың объективті әрі жан-жақты ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететінін айтты. Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта Клуб құрамында шамамен 300 медиа менеджер бар, олардың басым бөлігі өңірлерде жұмыс істейді, бұл өз кезегінде ақпараттың таралу аясын кеңейтіп, жергілікті жерлердегі хабардарлықты арттыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыруға ерекше назар аударды. Конституционализм идеяларын ілгерілету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты қалыптастыру және қоғамда конституциялық құндылықтарды насихаттау ісінде мемлекеттік институттар мен медианың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар қол қойылған Меморандум аясында бірлескен ақпараттық-ағартушылық іс-шараларды өткізуге келісті.
Кездесуге Конституциялық Соттың судьялары, оның Аппаратының басшылық құрамы және Клубтың белді мүшелері қатысты. Атап айтсақ, «Хабар» телеарнасының директоры Жайнагүл Төлемісова, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов, «Абай» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Qazcontent» АҚ-ның төрағасы Айна Задабек, бас редакторлар клубының атқарушы директоры Бибігүл Құламан.