Сотталушы Шерзаттың өліміне әкесі Қаржаубайды кінәлады
Айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев Шерзат Полаттың өліміне оның әкесін күдікті ретінде тануды сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев жарыссөз кезінде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовты күдікті ретінде тануды сұрады.
"Мен кінәмді жартылай мойындаймын, бірақ ешкімге қасақана күш қолдану немесе төбелес ұйымдастыру ойым болған жоқ. Мен тек досыма көмектесу үшін барған едім. Ал Нұрымов сол түні өзі пышақпен жүгіріп, жанжал шығарды", – деді Тоқтаубаев.
Ол тергеу органдарынан Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғауды және өзіне қатысты 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша тағылған айыпты қайта қарауды сұрады. Сондай-ақ жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Сотталушы өз сөзінде отбасын асырап отырған азамат екенін, сотталмағанын және қоғамға қайта бейімделуге дайын екенін жеткізді.
Жарыссөзде Нұрбол Тоқтаубаевтың інісі Азамат Тоқтаубаев та сөз алды. Ол сол түні ағасының шақыруымен барғанын айтып, ешкімге пышақ сілтемегенін, күш қолданбағанын жеткізді.
"Мен өзімді қауіпті адам деп есептемеймін. Бірақ сол түні сол жерде болуым – өмірімдегі ең үлкен қателік. Бұл оқиғадан кейінгі ішкі күйзелісім – мен үшін ең ауыр жаза", – деді ол.
Азамат Тоқтаубаев та отбасылық жағдайын алға тартып, 1 жасар баласының барын, отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады.
Материал авторы