SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында «Amanat Drive» деп аталатын ірі қаржы пирамидасының жолы кесілді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алып береміз деген желеумен уәде берген. Алайда, уәде орындалмай, мүліктер жақын туыстары мен сенімді тұлғаларға рәсімделіп отырған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасы 8 мыңнан астам адамды алдап, жалпы сомасы 21 миллиард теңгеден астам қаржыны жинап алған.
Ұйымдастырушылар ақшаны жасыру және заңдастыру үшін бірнеше деңгейлі жалған компаниялар желісінқұрған. Олар – «Алло, не керек», «i-m@rketing», «Gold SapaPremium» ЖШС сынды заңды тұлғалар арқылы жалған шарттар жасаған. Бұл компаниялар жарнама, сараптама, болжам жасау қызметтерін көрсеткендей көрініп, 1,8 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, сыртқа шығарған.
Жымқырылған қаражатқа Астана мен өңірлерде элиталық үйлер мен пәтерлер, сондай-ақ HUMMER H2 және Lexus LX570 секілді қымбат көліктер сатып алынған. Барлық мүлік тәркілеуден жасырыну үшін өзге адамдардың атына тіркелген.
Қазіргі таңда сот шешімімен мүлік пен кооператив шоттарына тұтқындау салынды, ал негізгі ұйымдастырушы қамауға алынған.
«Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», — делінген ресми хабарламада.