SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қайғылы оқиға 16 мамыр күні кешке Алакөл ауданы, Достық станциясында болды. Жол жиегінде келе жатқан ана мен екі баланы көлік қаққан. Әйел арбамен келе жатқан сәбиді итеріп үлгергенімен, бес жасар Сезім Рүстемқызы соққының астында қалған. Соққыдан кейін көлік жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалаған. Бұл туралы Orda.kz басылымы жеткізді.
Куәгерлердің айтуынша, күдікті — "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының 45 жастағы қызметкері Махсат Жақсылықов болған. Ол мас күйде көлік тізгіндеген.
Ауыр жараланған Сезім алғашқыда Достық ауылдық ауруханасына жеткізіліп, кейін Алакөл аудандық орталық ауруханаға ауыстырылды. Дәрігерлер 10 күн бойы бүлдіршіннің өмірі үшін күресті, алайда 26 мамырда ол есін жимастан көз жұмды.
Күдікті Жақсылықов 17 мамыр күні таңертең полицияға өз еркімен келіп, кінәсін мойындаған. Сөзінше, ол "жұрттың ашуынан қорқып" қашқан. Сол күні ол уақытша ұстау изоляторына қамалса да, 18 мамырда сот оны үй қамаққа жіберді.
Судья Элмира Асубаева бұл істі "онша ауыр емес қылмыс" ретінде бағалап, күдіктінің тұрақты мекенжайы мен жұмыс орны барын, асырауында бес баласы барын және оның жасырыну қаупі дәлелденбегенін алға тартқан.
Алайда марқұм Сезімнің әкесі Рүстем Омаров жүргізуші үй қамақ шарттарын бұзғанын айтады.
"Сот шешіміндегі мекенжайға барғанымда, Жақсылықов мүлде тұрмайтыны анықталды. Көршілер оның отбасымен бірге Үшаралға көшіп кеткенін айтты. Әкімдік пен полицияны шақырдым, олар бұл деректі актімен бекітті", – дейді ол.
Әкесі күдіктінің әрекеті мен билік органдарының бақылаусыздығы заңды күмән тудырып отырғанын айтты:
"Сот белгілеген мекенжайда тұрмай, сот талабын бұзып отыр. Бірақ оны бақылайтын органдар үнсіз. Біреулер оны қорғаштап отырғандай әсер қалдырды."
Қазіргі уақытта Жетісу облысының прокуратурасы мен полициясы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.