Киев Мәскеуге депортацияланған балалардың тізімін тапсырды
Украина балаларды елге қайтаруды талап етіп отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина Стамбулда өткен келіссөздердің екінші раунды кезінде Ресейге күштеп депортацияланған балалардың тізімін тапсырды. Киевтің айтуынша, бұл тізімде 339 баланың аты-жөні бар.
Украин делегациясының басшысы Рустем Умеров: «Ресей шынымен бейбіт процесті қаласа, тізімдегі балалардың кем дегенде жартысын қайтаруы тиіс», – деді.
Ресейлік тарап тізімді растап, «әр бала бойынша жеке жұмыс жүргізілетінін» хабарлады.
Euronews дереккөздерінің айтуынша, Мәскеу тізімдегі балалардың қайда екенін нақты біледі. Соған қарамастан, Ресей тек 10 баланы қайтаруға дайын екенін мәлімдеген.
Украина қазіргі уақытта Ресей тарапынан 19 500-ден астам баланың депортацияланғанын растап отыр. Олардың көпшілігі отбасынан ажыратылған, кейбірінің аты-жөні мен құжаттары өзгертілген. Украина тек 1350 баланы қайтаруға қол жеткізді – көбінесе Катар, Оңтүстік Африка және Ватиканның араағайындығымен.
Киев аздаған тізімді ғана беруін Ресейдің уақыт ұту тактикасымен түсіндіреді. Украина билігінің айтуынша, Мәскеу баланың жеке басын өзгерту арқылы олардың ізіне түсу мүмкіндігін азайтып жатыр.
Украина СІМ өкілі Марьяна Беца: «Ресей жүйелі түрде балалардың аты-жөнін өзгертіп, жаңа құжат жасап, оларды асырап алуға береді», – дейді.
АҚШ-тағы Institute for the Study of War (ISW) қорының дерегінше, балаларды Ресейге әкету Кремльдің соғыс басталар алдындағы жоспарларында болған. 2022 жылғы 18 ақпандағы құпия құжаттарда бұл әрекет "гуманитарлық эвакуация" деп көрсетілген.
Келіссөздердің келесі раунды маусым айының соңына жоспарланған. Украина балалардың тез арада қайтарылуын күтеді және бұл процеске араағайын елдердің тартылуы мүмкін.
Материал авторы