SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді.
Алматы қаласында бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілер арқылы жаңа туған сәбилерді заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Полицияның жедел шарасы барысында жаңа туған ұл баланы ақшаға сату әрекеті кезінде күдіктілер қылмыс үстінде қолға түсті.
Сәбиді дереу мемлекет қамқорлығына орналастырған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда, тергеу амалдары жалғасуда. Полиция департаменті бұл қылмыстық топтың өңіраралық байланыстары болуы мүмкін екенін айтып, басқа өңірлерде де осындай жағдайлар бар-жоғын тексеруде.
Алматы қалалық полиция департаментінің бірінші орынбасары Куатбек Науатовтың айтуынша, балаларға, әсіресе жаңа туған сәбилерге қатысты заңсыз әрекеттер – аса ауыр және қатыгез қылмыс, және мұндай деректер заң аясында әділ бағаланады.