Астанада паралимпиадалық спортты қолдайтын алғашқы халықаралық турнир өтуде
Астанада KPMG Open атты халықаралық арбамен теннис турнирі өтіп жатыр. Бұл Орталық Азия аумағында ұйымдастырылып отырған алғашқы ауқымды турнир. Жарысқа 11 елден келген 44 спортшы қатысуда. Олардың қатарында АҚШ, Жапония, Австралия, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан және Қазақстанның спортшылары бар. Қатысушылардың ішінде әлемдік рейтингтің үздік 100 теннисшілері де бар.
Турнирдің мақсаты - арбамен ойнайтын теннисшілер арасында халықаралық деңгейде тұрақты жарыстар өткізуге негіз қалыптастыру және 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды дайындау.
3 маусым күні KPMG Open 1 турнирі өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Нәтиже бойынша KPMG Open 1 жеңімпаздары:
Ерлер арасындағы жекелей сын:
Фудзимото Йошинобу (Жапония)
Мартин Данн (Ұлыбритания)
Әйелдер арасындағы жекелей сын:
Виктория Львова (Ресей)
Людмила Бубнова (Ресей)
Ерлер арасындағы жұптық сын:
Фудзимото Йошинобу (Жапония) / Ли Джи Хван (Оңтүстік Корея)
Мартин Данн / Тачи Томоя (Ұлыбритания / Жапония)
Әйелдер арасындағы жұптық сын:
Виктория Львова / Амина Мангутова

Фото:Кенжебаева Аружан
Финалистердің бірі, жапон спортшысы Фудзимото Йошинобу өз әсерімен бөлісті:
-Менің атым Фудзимото, мен Жапониядан келдім. Қазір әлемдік рейтингте 83-ші орындамын. Бүгін жекелей сында жеңіске жеттім, енді келесі турнирде де көбірек ұпай жинауға тырысамын. KPMG Open 2 жарысына қатысып көремін. Осындай турнир ұйымдастырғандарыңызға алғыс айтамын. Бұл өте жақсы теннис орталығы. Мұндағы адамдардың бәрі бізге өте мейірімді. Қазақстанда осындай жарыста болу - үлкен қуаныш ,- деді спортшы.

KPMG компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл турнир – аймақтағы инклюзивті спортты дамыту жолындағы маңызды қадам. Компанияның Кавказ және Орталық Азия бойынша серіктесі, инвестициялар мен капитал нарығы департаментінің жетекшісі Диас Қалажанов бұл бастаманы былай деп бағалады:
-Бұл турнир тек бейімделген теннис үшін ғана емес, жалпы Қазақстандағы паралимпиадалық спорт үшін үлкен серпіліс. Біз әлемдік деңгейдегі спортшыларды елімізде қарсы алуға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз ,- деді Диас Қалажанов.
Қазір 4 маусымда басталған KPMG Open 2 турнирі жалғасып жатыр. Финалдық ойындар 7 маусымда Астанадағы Ұлттық Теннис Орталығында өтеді.
Кенжебаева Аружан Айдарқызы