SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белсенді Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде Шерзат Полат ісіне қатысты бұған дейін жұртқа жария етілмеген құжаттарды жариялауға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, сот процесі аяқталғандықтан, бұл іске байланысты өз ұстанымын ашық айтуға енді толық құқық бар.
"Сот процесі кезінде біз көп мәліметті аша алмадық. Себебі тергеу мен соттың барысын құрметтеу керек болды. Ал қазір сот шешімі шыққан соң, біз бұрын көрсете алмаған барлық құжаттарды рет-ретімен жариялаймыз. Жасыратын ештеңеміз жоқ", – деп жазды ол өзінің парақшасында.
Амангелдінің айтуынша, өздері жәбірленуші тараппен ортақ мақсатты көздегенімен, істі жүргізу тәсілінде айырмашылықтар болған.
"Біз Шерзаттың өліміне кінәлілерді жазалау үшін күресіп келеміз. Бірақ оған апаратын жол әртүрлі. Кейбір әрекеттерді біреулер дұрыс деп санаса, басқалар мүлде қабылдай алмайды. Біз бұл мәселеде ашық диалогқа дайынбыз. Қолымыздағы барлық құжатты жария етіп, түскен сұрақтарға толық жауап береміз", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Айтбек Амангелді мен адвокаттар тобы Шерзат Полаттың туыстары өздерін өкілдіктен шеттеткені туралы хабарлаған болатын. Алайда кейін марқұмның отбасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, қорғаушыларынан бас тартпағанын мәлімдеген.