SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде алаяқтық жасады деген күдікке іліккен белгілі емші Сұлушаш Қазбаеваға қатысты істе жәбірленушілер саны артып келеді. Қазіргі таңда оның үстінен түсірілген арыздар саны 136 адамға жетіп отыр.
Қазіргі уақытта Қазбаеваға қатысты Ақтөбе қалалық сотында екі бірдей қылмыстық іс қаралуда. Екеуі де Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша тіркелген. Істер бір өндіріске біріктірілді. Алғашында жәбірленушілер саны 90 адам болса, енді 136-ға жетті. Материалдық шығын көлемі 572,9 миллион теңгені құрайды.
Айыптау актісінде көрсетілгендей, сотталушы азаматтарды алдап, олардан ірі көлемде ақша алған. Мәселен, мешіт салатынын, қызы шұғыл емге мұқтаж екенін немесе ағайын-туыстарына көмек керек екенін айтып, адамдарды банктен несие алуға көндіріп, депозиттегі қаражаттарын шештіріп алған.
Сот барысында 50-ге жуық жәбірленуші жауап беріп үлгерген. Олардың арасында емшіге 17 миллион теңгеге дейін несие алып бергендер де бар.
Гүлсезім есімді жәбірленуші емшіні бұрыннан танитынын айтып, оның өтінішіне сеніп, бес банктен 11,7 млн теңге несие алғанын жеткізді:
"Басында тек маған айтты деп ойладым. Қолында Құран ұстап отырды, сондықтан күмәнданған жоқпыз. Кейін күйеуіме де несие алдыртты. Ол ІІІ-топ мүгедегі. Қазір отбасымыз күйреп жатыр, тіпті ажырасуға да жеттік."
Тағы бір жәбірленуші әйел 2024 жылы емшіге барып, Kaspi Pay арқылы 5 млн теңге несие алғанын айтты. Ол өзін "гипноздаған болуы мүмкін" деген пікірде.
"Қазір несиесін өзім төлеп отырмын. Басым ауырды, қалай алдырғанын түсінбей қалдым. Қатаң жаза қолдануды сұраймын", – дейді ол.
Ал сотталушы Сұлушаш Қазбаева өзіне тағылған айыптардың кейбірін мойындағанымен, "гипноз" жайлы айтылғандарды жоққа шығарды.
"Ақшаны алғаным рас. Бірақ мен Кашпировский емеспін. Гипноз деген сөзді қойыңдар", – деп жауап берді ол сотта.
Қазбаева кейбір жәбірленушілерге қарыздың бір бөлігін қайтарғанын алға тартты. Дегенмен, сот ісі жалғасуда.