Қытаймен ынтымақтастықтың әлеуеті мен тәуекелі

10.06.2025, 14:48
413
Қытаймен ынтымақтастықтың әлеуеті мен тәуекелі AI generated

Соңғы жылдары Қытай Қазақстан үшін тек көрші ел ғана емес, ең ірі экономикалық серіктестердің біріне айналды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 43,8 миллиард АҚШ долларын құрап, жаңа рекорд орнатты. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Қазақстан тарапынан Қытайға жасалған экспорт көлемі 15,8 миллиард долларға жетіп, 9 пайызға артқан. Бұл деректер Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы ұсынған статистикаға және Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің ресми түсініктемесіне негізделген. Осы мәліменттер ел арасындағы нақты жобалар мен салалық ынтымақтастықты бейнелейді.

Қытай капиталы қазақстандық ауыл шаруашылығы, логистика, қайта өңдеу және көлік салаларына жүйелі түрде еніп келеді. Инфрақұрылымдық жобалардан бастап, өңделген өнім экспорттауға бағытталған өндірістерге дейінгі әріптестік бұл серіктестіктің тек шикізатқа негізделмейтінін көрсетеді. Сонымен бірге мәдени ықпал мен гуманитарлық байланыстар да арта түсуде. 

Бұл тақырыпты тереңірек түсіну үшін біз екі түрлі деңгейдегі сарапшының пікіріне жүгіндік. Саясаттанушы, халықаралық қатынастар саласында көп жыл еңбек етіп келе жатқан Айдар Амребаев Қазақстанның ұстанымын ішкі перспективамен қарастырса, халықаралық саясат пен Орталық Азиядағы геосаяси процестерге маманданған зерттеуші, Карнеги Еуразия орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров бұл тақырыпқа аймақтық және сыртқы факторлар тұрғысынан қарайды. Екеуінің де көзқарасы өзара қайшы емес, керісінше бір-бірін толықтырып, қазіргі ахуалды кеңінен түсінуге мүмкіндік береді. Алдымен, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық серіктестіктің негізі мен сипатына тоқталайық.

Амребаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы жобалардың басым бөлігі сырттан таңылған емес, керісінше өзіміз бастама көтерген бағыттар.

“Мен осы тақырыпқа арналған көптеген халықаралық конференцияларға қатысып жүрмін. Солардың аясында Қытай Қазақстан тарапынан ұсынылған жобаларға инвестиция салып отыр деп нақты айта аламын. Бұл тек қытайлық мүддеге ғана бағытталған жобалар емес. Олардың негізі біздің үкімет пен экономистер дайындаған бастамалардан туындайды. Мысалы, мемлекет басшысы өңдеу саласын дамыту туралы бастама көтерді, ал Қытай оны қолдады. Батыс Қазақстаннан Батыс Қытайға баратын газ және көлік маршруттарын әртараптандыру да осының бір мысалы. Мұндай өзара іс-қимыл бізге мұнай экспорты бойынша да балама бағыттар қалыптастыруға мүмкіндік береді” - дейді Айдар Амребаев.

Сарапшы мұнымен шектелмей, нақты мысалдарды да алға тартады. Түркістандағы “Golden Camel” зауыты түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіреді, бұл өнім Қытай нарығына экспортталады. Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары шекарасында орналасқан “Тайынша-Май” компаниясы рапс майын шығарады. Бұл компания жергілікті фермерлермен серіктесіп, шикізатты ішкі нарықта өңдейді. Ал Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты дайын өнім, яғни жоғары сапалы бензин шығарып, оны экспорттайтын бірегей жоба. Амребаевтың айтуынша, мұның бәрі қосымша құны жоғары өнім өндіру арқылы Қазақстанның ішкі әлеуетін арттыруға бағытталған мысалдар.

Экономикалық байланыстар қаншалықты тиімді болса да, сарапшылар оны біржақты қабылдамауға шақырады. Темур Умаров Қытаймен экономикалық байланыстарды Қазақстанның сыртқы саясатын әртараптандыру тұрғысынан оң бағалайды. Алайда, белгілі бір салада Қытайдың үлесі артып, ол монополиялық сипатқа ие бола бастаса бұл тепе-теңдіктің бұзылуына алып келуі мүмкін екенін атап өтті.

“Қытайдың үлесінің өсуі бұл, әрине, жағымды үрдіс. Бірақ егер Қытай кей салаларда басымдыққа ие болып, жалғыз экспорттаушы немесе импорттаушы рөліне өтсе, бұл қауіп төндіруі мүмкін. Қазіргі таңда ондай жағдай байқалмайды, бәрі қалыпты деңгейде. Бірақ болашақта осы тепе-теңдікті ұстану өте маңызды. Жалпы алғанда, кез келген ел үшін кез келген серіктеске шамадан тыс тәуелділік қауіпті. Егер сіз қандай да бір елге тым байланған серіктеске айналсаңыз, бұл экономикалық тәуелділіктің біртіндеп саяси тәуелділікке айналуына алып келеді. Сондықтан басты сұрақ Қытаймен қарым-қатынаста емес, Қазақстан өз ішінде түрлі елдермен сауда және экономикалық әріптестікті қалай үйлестіріп отыр? Ережелер мен заңдардың орындалуы қандай деңгейде? Сыртқы ойыншыларға сол ережелерді бұзуға рұқсат беріліп отыр ма, жоқ па? Негізгі мәселе осында. Қысқаша айтқанда, басты қауіп сырттан емес, іштен туындайды” - дейді Умаров.

Айдар бұл пікірді толықтырып, Қазақстанның көпвекторлы саясатын ұстану арқылы Қытай ықпалын теңестіріп отырғанын атап өтеді.

“Біз тек Қытайға арқа сүйемейміз. Қытай ықпалын теңгеру үшін біз АҚШ-пен, Еуропамен, Ресеймен қарым-қатынасымызды қатар дамытып отырмыз. Яғни сыртқы саясатымызда бір бағытқа тәуелділік жоқ. Бұл көпвекторлы саясаттың басты принципі” - дейді сарапшы.

Экономикалық және саяси тепе-теңдікті сақтау жолында назардан тыс қалмауы тиіс маңызды тақырыптардың бірі трансшекаралық экологиялық мәселелер. Айдардың айтуынша, стратегиялық серіктестік тек экономикамен шектелмеуі керек. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста жиі назардан тыс қалатын, бірақ маңызы зор мәселе су ресурстары екенін ерекше атап өтеді.

“Менің ойымша, дипломатияда әрқашан сезімтал тақырыптар болады. Қытаймен шекарамыз толық шешілгені жақсы, бірақ трансшекаралық өзендер мәселесі ең өзекті әрі сезімтал тақырыптардың бірі. Біз бұл бағытта әлі толыққанды конвенцияға қол қойған жоқпыз. Қазір келіссөздер жүріп жатыр, арнайы комиссия жұмыс істейді. Жақында мен Шанхайда болдым, сол жерде Тунцзи университетінің гидрологтарымен кездестім. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы ортақ өзендер бойынша бірлескен ғылыми зерттеу жүргізуге қызығушылық білдіріп отыр. Бұл өте жақсы. Ортақ экспедициялар, нақты зерттеулер арқылы біз судың жай-күйіне объективті баға бере аламыз. Себебі су болашақтағы негізгі проблемалардың бірі. Егер сіз Қытайдың Синьцзян немесе Ганьсу өңірлеріне барсаңыз, онда жер асты су арналары, тамшылатып суару жүйелері, суды үнемдеудің алдыңғы қатарлы технологиялары қолданылып жатқанын көресіз. Олар бұл мәселені жаңадан қолға алған жоқ, бұрыннан шешіп келе жатыр” - дейді Амребаев.

Қарым-қатынас тек су және шикізатпен ғана шектелмейтіні белгілі. Айдардың айтуынша, технология мен цифрлық тәуелсіздік те бүгінгі таңда маңызды тақырыптардың біріне айналды.

«Қазір біз Huawei, Alibaba сияқты компаниялармен серіктестік орнатудамыз. DeepSeek платформасы да қолданыста жүр. Бұл технологиялық прогреске ілесудің бір жолы. Бірақ мұның барлығы цифрлық тәуелсіздік мәселесін күн тәртібінен түсірмейді. Біз өзіміздің деректеріміздің қандай инфрақұрылымда сақталатынын, қайда өңделетінін нақты түсініп отыруымыз керек. Бұл тек техника емес, бұл ұлттық қауіпсіздік» - дейді сарапшы.

Саяси және экономикалық әріптестіктен бөлек, Қытай соңғы жылдары мәдениет, білім беру және ақпараттық байланыс арқылы “жұмсақ күш” құралдарын белсенді түрде қолдана бастады. Бұл тек мемлекетаралық деңгейде емес, қоғаммен тікелей қатынас орнатуға бағытталған стратегия. Қазақстанда бес Конфуций институты жұмыс істейді, қытай тілі оқытылатын мектептердің саны артып келеді. Сонымен қатар, бірқатар университеттерде Қытаймен бірлескен білім беру бағдарламалары ашылып, студенттерге Қытайда білім алу мүмкіндіктері ұсынылып отыр. Алайда бұл бастамаларға қарамастан, қоғамдағы қабылдау әлі де күрделі. Central Asia Barometer 2022–2023 жылдары жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан халқының 70,5 пайызы Қытайға теріс немесе жағымсыз көзқараста екенін білдірген. Бұл Орталық Азия өңіріндегі ең жоғары теріс қабылдау көрсеткіші. Кейбір сарапшылар бұл жағдайды Қытайдың ақпараттық саясатының жабықтығымен, өзара диалогтың формалды сипатымен және тарихи түрде қалыптасқан сенімсіздікпен байланыстырады. Сонымен қатар,TALAP зерттеу орталығының мәліметінше, қазақстандықтардың Қытайға жалпы көзқарасы «бейтараптан жоғары, оң бағытқа жақын». Алайда, мәдени және білім беру салаларында ҚХР-ға қатысты қабылдау едәуір жағымсыз сипатта.

Коллаж авторы: Амина Адилжан 

Қоғамдық қабылдау тақырыбына келгенде, Айдар Амребаев Қытай туралы қалыптасқан көзқарастың тарихи тамыры бар екенін айтады.

“Кеңестік кезеңде Қытай агрессивті, қауіпті ел ретінде сипатталды. Бұл образ әлі күнге дейін санада сақталып отыр. Қазір ақпараттық соғыс күшейіп кеткен дәуірде кейбір технологиялар Қытайға қарсы жағымсыз пікір тудыру үшін қолданылады. Бұл ретте нақты деректермен жұмыс істейтін сарапшы болуымыз керек. Қорқынышпен емес, біліммен әрекет етуіміз қажет. Қытай су сияқты. Ол өмір көзі де бола алады, қауіп көзі де бола алады. Мәселе сен оны қалай пайдаланасың”, - дейді Айдар Амребаев.

 

Коллаж авторы: Амина Адилжан

Темур Умаровта осы ойды қолдап, Қазақстанда Қытайды ішінен түсіне алатын адам аз екенін алға тартады.

“Қоғамда Қытай туралы нақты түсінік әлі де қалыптасқан жоқ сияқты. Қытайды танымай тұрып, оған баға беру стратегиялық қате. Қытайды ішкі жағынан түсінетін мамандар көбейсе, қоғам сыртқы ықпалдарға иммунитет қалыптастырады. Бұл қауіп емес, мүмкіндік” - деп қорытындылайды Умаров.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс прагматикалық, өзара тиімді серіктестікке негізделген. Қытай нақты ұсыныспен келеді. Қазақстан да ішкі тұрақтылығын, заң үстемдігін және тең әріптестік қағидаларын сақтай отырып, бұл байланыстан ұзақ мерзімді пайда көре алады. Тек сыртқы саяси тепе-теңдік емес, ішкі институционалдық тәртіп те мықты болуы тиіс. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұл тек экономикалық емес, стратегиялық байланыс. Екі елдің өзара серіктестігі ұзақ мерзімде тиімді болуы үшін, сенім мен ашықтыққа негізделуі керек.

 

Мақала авторы: Амина Адилжан Уланқызы

АҚШ дегенінен қайтты: Трамп Қытаймен сауда келісімін жариялады Ерке Есмахан мен Raim тағы да ата-ана атанды Тоқаев Путинді Ресей күні мерекесімен құттықтады Қазақстанда электрондық сауда көлемі 3,2 трлн теңгеге жетті – ҚР Сауда министрлігі Alibaba, Wildberries және Halyk Market қазақстандықтарға не ұсынады? Marketplace Dynamics: гипербәсекелестік жағдайында цифрлық платформалармен қалай жұмыс істеу керек? EXPOGOODS CENTRAL ASIA көрмесіне тоғыз елден 200-ге жуық өндіруші қатысуда «Мобилографтарымен келеді»: Сәкен Майғазиев 800 адамды тойға сыйдыру үшін 100 қонақты тізімнен алып тастаған «Қатарынан екі мәрте ата атандым»: Нұржан Төлендиев отбасындағы қуанышты жеткізді «Баламды кім ұрған?»: Ер адам мектепке баса-көктеп кіріп, оқушыларды ұрған (ВИДЕО) АҚШ Зеленскийдің «көзін құрту керек» деп мәлімдеді Жаңаөзен маңында мұнай ұңғымасын бұрғылау кезінде жарылыс болды (ВИДЕО) «Мажар халқы Украина үшін өлуге міндетті емес»: Орбан Зеленскийдің сынына жауап берді 3700 жылда өтелетін айыппұл: Атыраулық кәсіпкерге 37 млрд теңге айыппұл салынған «Қасақана дәретханаға лақтырып, өлтірген»: Түркістанда 3 жасар баланы өлтірген жасөспірім жазаланды Жындыханадағы кәмелетке толмаған қыздарды зорлаған екі еркек сотталды Ақмолада пойыз астына түскен көпбалалы ана соңғы хат қалдырған Қарағандыда өгей әке-шешесі азаптаған екі жасар баланың шашы ағарып кеткен LRT ақшасын жымқырды деген күдікті Талғат Ардан әлі Түркияда екені белгілі болды Депутат киік мүйізін сақтап, сатқан адамдардың жазасы жеңілдеуі мүмкін екенін айтты