Экономика бойынша тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримовтың, сыртқы саясат маманы Таир Нигмановтың және мұнай саласындағы эксперт Абзал Нарымбетовтың пікірлері бұл тақырыпты тереңнен қозғауға негіз берді. Мақалада олардың ой-тұжырымдары негізге алына отырып, мұнай бағасының құлдырауының себептері мен салдарларын тарихи, экономикалық және геосаяси тұрғыда талданды.
Мұнай нарығындағы бағалар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығыстары мен ОПЕК+ ұйымының ішкі саяси текетірестері салдарынан тұрақсыз күй кешіп отыр. Қазіргі жағдайды “құнсызданған мұнайдың көлеңкесіндегі күрес” деп сипаттауға келеді. Сыртқы саясат маманы Таир Нигмановтың айтуынша, бұл күрделі жағдайдың ең басты себебі АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік соғыс.
«Бұл тарифтік соғыс бүкіл жаһандық экономиканың баяулауына себеп болып отыр. Ал экономика баяулаған сайын, мұнайға деген сұраныс азаяды. Бұл өз кезегінде бағаның құлдырауына әкеледі», - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Нигманов Қазақстан бұл жаһандық дағдарысқа әсер ете алмайтынын, тек салдарын жеңілдетуге тырысып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің ұстануы тиіс жол көпвекторлы, прагматикалық және байсалды сыртқы саясат.
Мұнай бағасының төмендеуі тек сыртқы факторлармен емес, ішкі жауапкершілік дағдарысымен де байланысты. Экономика саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримовтың айтуынша, Қазақстан ОПЕК+ аясында қабылдаған квоталарды жиі бұзады. Бұл елдің халықаралық міндеттемелерін орындамауына әкеліп, инвестициялық сенімге нұқсан келтіруде.
«Қазақстан Тенгиз кен орнынан мұнай өндіру көлемін арттырғысы келеді. Алайда бұл жоспар ОПЕК+ елдері тарапынан қолдау таппады. Қазақстанның міндеттемені орындамауы Сауд Арабиясы сынды елдердің инвестицияны тоқтатуына себеп болды», - деп түсіндіреді сарапшы.
Каримов қазіргі таңда Қазақстанның мұнайдан түсетін пайдасы күрт азайып, бюджеттік тапшылық 2,7 миллиард доллар деңгейіне жеткенін, ал елдің әлеуметтік шығындары қысқаруға келмейтінін айтады. Оның пікірінше, Қазақстан мұнай химиясын, полимер өндірісін және басқа да қосымша құнды салаларды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыруы тиіс.
Мұнай саласының эксперті Абзал Нарымбетов болса, бұл жағдайдың салдарын технологиялық дамудың тежелуімен байланыстырады.
«Мұнай бағасының төмендеуі жаңа технологиялар мен әдістерге көшу үдерісін тоқтатады. Өйткені олар қосымша қаржы талап етеді. Сонымен қатар, өзіндік құны жоғары елдер нарықтан шеттетіледі», - дейді ол.
Сарапшы Сауд Арабиясы мен Эмираттар секілді елдердің өзіндік құны төмен болғандықтан, олар нарықты толтыра беретінін, ал Қазақстан сынды өзіндік құны 50 доллардан асатын елдердің бәсекеге қабілеттілігі төмендейтінін айтады.
ОПЕК+ ұйымындағы ішкі алауыздықтар да мұнай нарығының тұрақсыздығына әсер етуде. Нигманов атап өткендей, бірқатар елдер келісілген өндіру көлемін арттырып жіберген, бұл ұйым ішіндегі сенім дағдарысына себеп болуда.
«Қазақстан секілді елдер келісімді сақтамай, квотаны асырып жатыр. Бұл ұйым ішіндегі қақтығысқа алып келіп, бағаны бақылауға мүмкіндік бермей отыр», - деп ескертеді ол.
Сонымен қатар, Абзал Нарымбетов Қазақстан мұнайының 70–80%-ы шетелдік инвесторлардың үлесінде екенін, сондықтан мемлекет мұнай саясатына толық бақылау жүргізе алмайтынын да атап өтеді.
Осы орайда көкейде мынадай сұрақ пайда болады. Мұнайға сенім бұл болашаққа тәуелділік пе? Сарапшылардың пікірлеріне сүйенсек, мұнайдың артық өндірілуі оның құнсыздануына әкеліп, экономикалық тәуелділікті тереңдетуде. Бұл тек Қазақстанға тән емес Иран, Венесуэла секілді елдер де осындай тығырыққа тіреліп отыр.
Қазақстан үшін басты шешім - экономиканы батыл әрі нақты түрде әртараптандыру. Шикізатты экспорттауға емес, одан қосымша құнды өнім шығаруға бағытталған өндіріс қажет. Бұл қадам инвестиция тартуға да, ішкі нарықты тұрақтандыруға да жол ашады.
Мұнай бүгін бар, ертең жоқ. Сол себепті, мемлекеттің даму стратегиясы қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді басымдықтарға құрылуы тиіс. Сондықтан негізгі назар ғылым мен білімге, сондай-ақ технологиялық даму мен өндірістік әртараптандыруға аударылуы керек.
«Қара алтын» деген атауға ие мұнай бүгінде құнын жоғалта бастады. Сарапшылардың пікірлері бір нәрсені анық көрсетеді. Мұнай нарығындағы тұрақсыздық - бұл тек экономикалық емес, геосаяси сипаттағы мәселе. Ерлан Каримов мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанның бюджеттік тепе-теңдігін шайқалтып, әлеуметтік саладағы шығындарды қысқартуға мәжбүр ететінін ескертеді. Таир Нигманов ОПЕК+ елдері арасындағы сенім дағдарысы мен АҚШ–Қытай сауда текетіресінің мұнай бағасына ықпал ететінін көрсетсе, Абзал Нарымбетов өзіндік құны жоғары елдердің нарықтағы орнын жоғалтып жатқанын, бұл технологиялық және инвестициялық кері серпінге әкелетінін атап өтеді. Демек, Қазақстан үшін басты сабақ - сыртқы факторларға тәуелді болмау, ішкі ресурстарды тиімді пайдалану, экономиканы әртараптандыру. Әйтпесе, көбеюі мүмкін мұнай да елді құнсыздану мен тығырықтан құтқара алмайды.
Мақала авторы: Әсем Дуйсенбек