SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Башқұрттың этно-поп жанрында өнер көрсететін «Ay Yola» тобы Маңғыстаудың көркем табиғат аясында жаңа «Yola» әніне бейнебаян түсірді. Клип ресми түрде 13 маусымда жарық көреді.
Музыканттар бейнебаянды тек Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Якутия және Башқұртстанда да түсіріп, түрлі этномәдени реңктерді біріктірген. Жобаға Маңғыстау облысының әкімдігі де тартылып, өңірдің туризмін дамыту мақсаты көзделген.
"Yola" әні – башқұрт эпосындағы Ұмай ана туралы
Сюжет Урал-батыр эпосындағы білім мен жарықтың символына айналған Хумай (Ұмай) құс-құдай бейнесіне негізделген. Табиғи көріністер мен ежелгі мифология үйлесім тауып, ұлттық мұра мен заманауи визуал әсерлерді тоғыстырады.
«Маңғыстаудың ландшафты – башқұрт фольклорымен үндесіп жатыр. Бұл жерлер біз үшін рухани жақын», – дейді топ мүшелері.
«Ay Yola» 2024 жылы Уфада құрылған. Музыкалары курай, домбыра, кубыз секілді ұлттық аспаптар мен заманауи электрон дыбыстарды шебер үйлестіреді. Биыл наурызда шыққан "Homay" трегі халықаралық хитке айналып, Қазақстанда Shazam пен радио-чарттарда үздік үштікке енген.