SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ пен Қытай сауда соғысына үзіліс жариялап, пошлиналарды өзара төмендетуге және сирек кездесетін металдарды тұрақты жеткізуге келісті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
"Келісім дайын. Соңғы мақұлдау мен және ҚХР төрағасы Си Цзиньпин екеуміздің тарапымыздан өтеді", — деп жазды Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, келісімге сай, Қытай сирек кездесетін металдар мен магниттерді тұрақты түрде экспорттайтын болады. Ал Вашингтон өз тарапынан Қытай студенттеріне АҚШ университеттерінде білім алуға қайта рұқсат береді.
Салықтар күрт төмендетіледі:
-
Қытай импортына – 145%-дан 55%-ға
-
АҚШ өнімдеріне – 125%-дан 10%-ға
Бұл шешім нарықтарда оң реакция туғызды. Токио мен Сеул биржалары +0,54% және +1,23% өсіммен жабылса, Еуропа қор биржаларында да өсім байқалды.
Лондондағы мәміле және Женевадағы шиеленіс
Екі ел делегациялары Лондонда екі күндік келіссөздер өткізді. Қытай атынан вице-премьер Хэ Лифэн, ал АҚШ атынан сауда министрі Говард Лютник пен қаржы министрі Скотт Бессент қатысты. Келіссөздер Женевада қол жеткізілген 90 күндік “сауда тыныштығының” жалғасы болды.
Алайда жуырда Трамп Пекинді осы келісімді бұзды деп айыптаған еді. Соған қарамастан, тараптар Лондонда нақты нәтижеге қол жеткізді.
"АҚШ пен ҚХР арасындағы қатынастар – тамаша!" — деп мәлімдеді Трамп.
Стратегиялық шикізат пен технология алмасу
Келісімнің басты өзегі – Қытайдың сирек металдары. Олар электр көліктеріне арналған аккумуляторлар, жел турбиналары, әскери спутниктер мен зымыран жүйелерінің өндірісінде шешуші рөл атқарады. Сәуір айында ҚХР бұл өнімдерге экспорттық шектеу енгізіп, жаһандық автогиганттарды алаңдатқан еді.
Келісім аясында Бейжің бұл шектеулерді жұмсартуға дайын екенін білдірді. Ал АҚШ жағы Қытайға жартылай өткізгіштер мен жоғары технологиялар нарығына қайта қол жеткізу мәселесін қарастырады.