SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Ресейде тұратын өз азаматтарына қатысты себепсіз тексерулер мен дөрекі қарым-қатынасқа алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы 11 маусым күні Ресей өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Өзбекстан СІМ баспасөз хатшысы Аҳрор Бурханов мәлімдеді.
«Мұндай жағдайлар біздің елдер арасындағы достық қатынасқа сәйкес келмейді. Оларды болдырмау үшін нақты шаралар қабылдануы қажет», – делінген Бурхановтың әлеуметтік желідегі жазбасында.
Министрлік ресейлік арнайы жасақтың 8 маусымда Мәскеудегі мигранттарға арналған жатақханада жүргізген рейдіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдаған. Нотада ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беру сұралған.
Өзбекстан тарапы бұл оқиғаны «адам құқықтарының айқын бұзылуы» деп бағалады. Министрлік Өзбекстанның шетелдегі азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды «басым бағыт» деп атады. Бұл бағытта жұмыс Мәскеудегі елшілік арқылы жалғасып жатыр.
«Өзбекстан барлық тарапты халықаралық құқық пен адам құқықтарын сақтауға шақырады», – делінген мәлімдемеде.
Ресей тарапы жауап қатты
Ресей Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде Өзбекстан елшілігінің нотасын алғанын растап, оны «назарға алып, мұқият қарап жатқанын» хабарлады. Сонымен қатар ведомство екі ел арасындағы қарым-қатынас «одақтастық және стратегиялық» сипатқа ие екенін және «барлық екіжақты мәселе осы негізде шешілетінін» мәлімдеді.
Ішкі істер министрінің мәлімдемесі
Осы жағдайға байланысты Ресейдің ішкі істер министрі Владимир Колокольцев те мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елде заңсыз жүрген мигранттарға төзімділік танытылмайды.
«Көше мен тұрғын үй секторларында заңсыз жүрген мигранттар болмауы тиіс. Жұмыссыз қалған, университеттен шығарылған, саусақ ізін тапсырмаған, тілді үйренбеген, қоғамға пайда әкелмейтіндер – елден кетуі керек», – деді министр. Бұл туралы оның сөзі жазылған бейнероликті ІІМ ресми өкілі Ирина Волк Telegram-арнасында жариялады.
Сондай-ақ министр «мигранттар арасындағы қылмысқа жүйелі түрде тосқауыл қоюды», оның нәтижелерін «белсенді түрде және конструктивті бағытта» жариялап отыруды тапсырды.
Колокольцев елдегі көші-қон бөлімшелерінің алдында жиналған адамдар жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырмауы үшін, бұған жол бермеу қажет екенін де атап өтті.